тоис, фамилияң кім? – Сепентай оның үстінде жатқан тақыр басқа қарады. — Көпбергенов. — Мамандығың? — Тас қалаушы. — Ұлтың? — Қазақ. Мен де қоңырат… — Өтірік айтады, оның руы найман, — деді оның үстінде жатқан қалқан құлақ бір кетік жігіт. — Қазақ, қазақ, — Сепентай ойланып қалды. — Тағы да қазақ. Орыс болсаң дұрыс болар еді. Бәрі қазақ боп кетсе… — Араларыңда орыс бар ма? — Ешкім үндемеді. — Араларыңда тас қалаушы орыс бар ма? — деп Сепентай гүжілдеп тұрған дәлізге айғайлады. — Бар, — деді қалың топтың ішінен сомбреро киген бір дәу сары жігіт. — Фамилияң кім? — Бектұров. — Бектұров. Сен қалай орыс боласың? — Менің атамның аты Виктор, қазақтар метркемді жазғанда Виктордың орнына Бектұр деп жазып жіберген. — Әй, қайдам, сенбеймін, сенбеймін. Жарайды, қабылдандың, жүре бер. Сепентай Қазақстанда тұратын барлық ұлттың өкілін түгелдеп боламын дегенше қас қарайып, көз байланды. Әбден шаршап, діңкесі құрыған ол Пашатқа қарап: — Әнеукүнгі газетте Қазақстанда жүз жиырма ұлттың өкілі тұрады деп жазып еді, менде жүз он екі болды. Енді сегізін қайдан табамыз? Ол қандай ұлттар еді. — Күрд бар ғой? — Бар. — Ноғай бар ғой? — Бар. — Қытай ше? — Ол да. — Шүршіт ше? — Шүршіт? Ол… Ол жоқ. Ол қандай ұлт? — Қандай екенін қайдан білейін, жұрт «шүршіт» деп жатады ғой. — Қазір, сұрап көрейін. — Ол дәлізде селдіреп қалған жұртқа қарап: — Араларыңда шүршіт бар ма? — деді. Қалжыраған жұрт жауап қайтармады. Ол қарлыққан дауыспен қайта сұрады. — Шүршіт бар ма, шүршіт? — Жоқ. — Пүшту бар ма? — Жоқ. Олар Ауғанстанда тұрады. — Қап, бір шүршіт пен пүшту керек еді… Ал, сендер кім боласыңдар? — Кім болушы ек, қазақтармыз. — Бізге қазақтардың керегі жоқ, қайта беріңдер. — Ойбай-ау, қазақ қалаған там құлап қалады дейсіңдер ме? Қайда барсақ та, «қазақтардың қажеті жоқ» дейді, енді біз қайда барып күн көреміз? — Онда менің шаруам жоқ. Маған десең Магаданға кет. Шүршіт керек, шүршіт немесе эскимос. — Ойбай, ондай ұлт жоқ болса өлеміз бе енді? — Табыңдар, табыңдар! Екі бастық қанша айғайлағанмен топ ішінен шүршіт те, пүшту де, эскимос та табылмады. Олар тізімдегі ұлттық құрамды мұқият бір қарап шықты да, амалдары таусылып бір-біріне қарады. — Енді не істейміз? — деді Пашат күрсініп. Сепентай ұзақ ойланып отырды да: — Былай етсек қайтеді, — деді сыбырлап. — Тізім бойынша жетпей тұрған сегіз ұлтты сіз екеуміз келісіп мына тұрған қазақтардың бірін пүшту, бірін шүршіт етіп толтырсақ. Жұмыссыз жүрген қаңғыбастар көнбей қайда барады?