СОЦИАЛИЗМ ЗӘУЛІМІ

Өздерімен келісеміз де, біреу-міреу сұрай қалса біз атаған ұлтты айтатын ғып миына құйып қоямыз. — Олардың түрлері келмесе қайтеміз? — Түр деген не ол? Жұмысшы адамда қандай түр болады дейсің. Ауыр жұмысқа түскеннен кейін бәрінің түрі пролетариат боп кетпей ма? Пашат Сепентайға сүзіле қарап біраз отырды да: — Әй, мынауың табылған ақыл ей, — деді жүзіне қуаныш үйіріліп. — Жар-райсың Сепентай, кәлләң істейді сенің. Ауық-ауық! — Ол біреу тұншықтырып жатқандай шиқылдай күлді. Күлкісін жөтелмен бітіріп болды да: — Давай, кірісе бер, — деді. — Дегенмен, беталды бас салып жаза бермей, әр ұлтқа келеді-ау дегенін таңда. — Әрине. Шындап іздесе бұ қазақтың арасынан дүниежүзіндегі барлық ұлтқа ұқсас адамдарды табуға болады. — Ол да жөн. Ал, мен үйге кеттім, қалғанын өзің бітіре сал. Ол осыны айтты да, дәліздегі топырлаған адамды қақ жарып, сыртқа шықты. Сепентай да істі көп соза бермей өзіне керекті сегіз ұлтқа түрі келеді-ау деген сегіз қазақты ішке кіргізіп алды да «осылай да осылай, бізге мынадай ұлттың адамы керек, келіссеңдер қазір оформит етемін» деген соң басына қонғалы тұрған бақыттан айырылып қалғысы келмеген сегіз қазақ сегіз жерден жамырап қоя берді. — Ой-бай, о не дегеніңіз, шүршіт болмақ түгілі шұбалшаң десеңіз де ризамыз, одан неміз кетеді, — десті бәрі өзеуреп. — Ал, алда-жалда біреу ұлтымызды сұрай қалса өзіңіз айтқан ұлтты айтамыз. Тек, ұмытпас үшін жазып алайық! Олар әрқайсысы өздерінің қай ұлтқа телінгендерін қойын дәптеріне жазып алды да қуаныштары қойындарына сыймай үйді-үйлеріне тарасты. Ұлт жетпей қалған жұмыссыз қазақтар мыжырайған жаман кеңсенің алдында жамырап қала берді. Енді біраз уақыттан соң «Коммунизм» колхозының «Социализм» бөлімшесінде бес қабатты екі үй бұрқырап бой көтере бастады. Құрылыс іргесі қаланбас бұрын екі үйдің жанына екі ұран ілінді. Бөлімшенің сарайында бұрыннан жатқан ескі ұрандар көп болатын, Сепентай солардың екеуін сирағынан суырып алды да, уақыты өткен сөздерді қырып тастап, жаңасын жаза қойды. «Американы қуып жетіп, басып озамыз», «Сексенінші жылы орнайтын коммунизмге өз үлесімізді қосайық!» деген ұрандардың орнына: «Қала мен деревняның айырмашылығын мейлінше тез жояйық!», «Өркендеген социализм кезінде өмір сүріп жатқанымыз үшін партияға рахмет!» деген сөздер жазылып, алыстан көрінетіндей биік-биік екі бағанаға бадырайта ілінді. Бөлімше меңгерушісі Пашат әр дүйсенбі сайын рация арқылы орталықпен сөйлесіп, құрылыстың адам таңқаларлықтай шапшаңдықпен жүріп жатқанын, бүйте берсе екі үйдің құрылысы жоспарда көрсетілгендей бір жылда емес, бес айда орындалатынын, сөйтіп, «Социализм» бөлімшесі партияның алға қойған тапсырмасын тағы да мерзімінен бұрын орындап, қала мен деревняның арасындағы алшақтықты облыста бірінші боп аяқтайтыны жайлы ақпар беріп отырды. Шынында да Пашат пен Сепентай сөздерінде тұрды — аттай бес ай дегенде үй бітіп,

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13