оған тұрғындар қоныстана бастады. Қоныстану кезінде бөлімшенің екі басшысы мұнда тұратындар ылғи бір ұлттың өкілі боп кетпеуін тағы да мұқият қадағалап, бұл жауапты міндетті де шебер орындап шықты. Бөлімшеде негізінен қазақтар, төрт-бес үй орыс, үш өзбек, екі әзірбайжан, бір түрік, бір грузин, бір армян, не себепті екені белгісіз алдыңғы жылы Ираннан көшіп келген бір қызылбас, бір дұнған, бір кәріс семьясы бар еді. Пашат ол ұлттардың бәріне алғашқы ордерді толтырып, қалған қазақтарды Қазақстандағы қалған ұлттарға бөліп жазды да, қоныстану күнін белгіледі. Бөлімшеде сексен төрт семья болатын, олардың бәрін бес қабатты екі үй қас пен көздің арасында жұтты да қойды. Бір жаппалы тамдарда көп қабатты үйге көшкісі келмеген бірен-саран кемпір-шалдар мен қора-жайын қимаған шаруалар ғана қалды. Үйге жаппай қоныстанатын күні орталықтан колхоз бастығы мен өзге де басшылар келіп, жаңа үйдің алдында митинг болды. Митингте бөлімше меңгерушісі Пашат Барақатов жалынды сөз сөйледі. Ол бес қабатты мынадай ғажайып үйдің белгіленген мерзімнен әлдеқайда бұрын — бес айдың ішінде салынып біткенін, алыс бөлімшеге бұл секілді еңселі тұрғын үй салу тек өркендеген социализм кезінде ғана мүмкін болып отырғанын, капиталистік елдің еңбекшілері мұндай үйде тұрмақ түгілі түстеріне де кірмейтінін айта келіп, капиталистік құрылысты жерден алып, жерге салды. Капиталистік системаның ту ұстаушысы Американы жамандап, Рейганның ит-терісін басына қаптады. Осы кезде алдыңғы жақта тұрған бір шәлтік шал: — Әй, Пашат қарағым, ай далаға екі үй салдым екен деп екпіндеп кеттің ғой. Алыстағы Әмірикада нең бар, өз аулыңның жайын айта берсейші, — деп еді, Пашат ашуға мініп, желді күнгі түндіктей тулап ала жөнелді. — Кім бұны айтқан? Мелдеш ақсақал, сіз бе? Немене, американ империализмін сынаған сөзім сізге ұнамай қалды ма? Ылғи да қиям-пұрыс сөйлеп, жастарға үлгі көрсетудің орнына экістремистік мінез көрсетесіз де жүресіз. Егер Американы қызғыштай қоритын болсаңыз кетіңіз сол жаққа,біз арам пиғылды адамдарды бір күн де ұстамаймыз. Өткен жолғы алған сөгісіңіз аздық қып жүр ме? Жұрт дүрлігіп шәлтік шалға бұрылды. Мынадай салтанаттың шырқын бұзғаны үшін және «Социализм» бөлімшесінің қас жауы боп табылатын алыстағы американы қорғағаны үшін біраз адам оған жеп жіберердей оқты көзбен ата қарады. «Өткен жолғы алған сөгісіңіз аздық қылды ма?» деген Пашаттың сөзінде жан бар. Осыдан сегіз ай бұрын Мелдеш шал өз ақшасына қаладан екі бөшке сыра сатып әкеліп, дәл клубтың жанында жұртқа тегін үлестірген. Тегін сыра болған соң клубтың алдына қырғын адам жиналып, аяғы қып-қызыл төбелеске ұласқан, Мелдештің арбасы қирап, бөшкелері қаусаған. Мынадай оқиға әуелі бөлімше меңгерушісіне, онан соң колхоз бастығына жетеді. Бастық Мелдешті кабинетке шақырып ап: — Ал, мұныңыз не? Жұртты неге дүрліктіресіз? — деді. —