Менің кінәм не? Бар жазығым жұмыстан шаршап жүрген адамдарға тегін сыра әкеп берейінші деп ем. — Неге? — Негесі қалай? Өздерің «кәммунизмде бәрі тегін болады» деп күнде айтасыңдар. Менің жасым болса келіп қалды, сендер айтқан кәммунизмді көзім тіріде көріп кетейінші деп екі айлық пенсияма екі бөшке сыра сатып әкеп үлестіргенім ғой. Аяғы төбелеспен бітетінін қайдан білейін. — Жаз! — деді колхоз бастығы қасында отырған көмекшісіне. — Бұйрық!.. Мелдеш шал еңбекшілер арасында бүлік тудырар авантюристік әрекет жасағаны үшін сол күні саяси мәні бар қатаң сөгіс алып тынып еді. Пашаттың әлгі айтып тұрғаны сол. Бұл мәселе одан да өршіп кетер ме еді, тек колхоз бастығы «жарайды, сөзіңді жалғастыра бер» деген соң ғана Пашат қақалып-шашалып, қағаздағы сөзін әрі қарай оқуға бас қойды. — Алдарыңызда тұрған екі үйді тек үй деп қана қарамаңыздар, бұл үй емес — болашақтың үлгісі, яғни, коммунистік жатақхана. Бұл — совет жұмысшыларының тағы бір ғажайып жемісі. Бұл үйді Қазақстанда тұратын барлық ұлттың өкілдері салды, сондықтан да ол мерзімнен жеті ай бұрын бітіп, бүгін көп ұлтты семья жаңа қоныстарына жайғасқалы отыр. Бұл үйдің бітуіне қазақ, орыс, украин, татар, молдован, белорусь т. б. ұлт өкілдерінің құрылысшылары ғана емес, Қазақстанда тұратын ең аз ұлттың өкілдері де ат салысты. Атап айтсақ, эскимос Сағынтай Айбалтаев, пүшту Ергешбай Сармолдаев, шүршіт Темірбек Сиқымов және басқа да жолдастар өздерінің жарқын еңбектерімен айрықша көзге түсті. Енді ең бір салтанатты сәт… Жұрт арадай гулеп кетті. Пашат сонда ғана барып бәрін өз аузымен бүлдіргенін түсініп, пештен жаңа шыққан нандай күреңітіп, шекесі ысып шыға келді. Ол адамдардың аты-жөндерін әні-міні өзгертіп алармын деп жүріп тарс ұмытып кетіпті. — Ей, қайдағы эскимос? Қайдағы шүршіт? — деп бөлімше тұрғындары оның сөзін есіттірмей жіберді. Фамилиялары аталған әлгі жігіттердің бәрі қатын-бала-шағаларымен, туған-туыстарымен осында болатын. Бірі шүршіт, бірі эскимос, бірі пүшту боп шыққанда өзге жұрт былай тұрып, олардың әйелдері адам айтып жеткізгісіз айғай-шу көтерді. — Әй, опрауләиш жолдас! — деді шүршіт болған Темірбектің әйелі айғай салып. — Сіз менің күйеуімді өйтіп қорламаңыз, ол шүршіт болмақ түгілі шүршіт дегенді көрген де емес. Ол — қазақ! Қазақ болғанда да ата-бабалары Шыңғыс ханмен айқасып өткен Отырардың Қоңыраты, оның ішінде Құлшығаш, оның ішінде Таздар, оның ішінде Бөрі, оның ішінде… — Сіз өйтіп руға бөлмеңіз, руға бөлмеңіз, — деп, не айтарын білмеген Пашат ерні кезеріп бет алды күбірлеген болды. Бұдан соң «Эскимостың», одан кейін «Пүштудің» әйелдері дау көтеріп, салтанатты митинг құлақ тұндырар дау-жанжалға айналды. Бұл шудың шегі болмайтынын сезген колхоз бастығы ортаға шығып: — Сабыр, сабыр жолдастар! — деді қолын көтеріп. — Әлгі