аталған жолдастар алға шықсыншы, кім екендерін өз көзімізбен көрейік. — Күнде көріп жүрген бөлімшенің адамдары емес пе, несіне алға шығады? — Дегенмен, шықсын. Қане, әлгі жігіттер қайда, келіңдерші ортаға. Жұрт алдына эскимос болған Сағынтай, пүшту Ергешбай, шүршіт Темірбек шыққанда жұрт қыран-топан күлкіге батты. — Сатқындар! — деді қызыңқырап алған бір жігіт оларға қарай жұдырық сермеп. — Ақшаға ұлтын сатқан опасыздар! Мен ғой «жұмыссыз қоңыз теріп кетсем де қазақ болам» деп қасарысып тұрып алғам, ал, бұлар… Көрдіңдер ме не істегендерін! Бәсе, Сепентайдың кеңсесінен сегізінің де езулері құлақтарына жетіп шығып еді!.. Жұрт ұлардай шулап кетті. Енді сәл кешіксе мына жанжалдың аяғы немен тынары белгісіз боп ушығып бара жатқан соң митинг тізгінін колхоз басқармасының өзі алды. — Шуылдамаңдар! — деді ол ашу шақырып. — Бұл не, шүршіт, шүршіт деп. Болса бола берсін, одан кім кеміп жатыр! Қазір әрбір совет азаматының қандай ұлт боп жазылам десе де еркі бар! — Ол өз сөзінің жұртқа қалай әсер еткенін аңғарып алмақ боп аз-кем пауза жасады да, гуіл сәл саябырсыған соң сабасына түсіп, баяу үнге көшті. Баяу үнмен ауыл тұрмысын көтеруде жасап жатқан жоспарларын айтты, ауылдан ұзап шығып мемлекеттің ішкі-сыртқы саясатына тоқталды, ұлт мәселесіндегі ойларын ортаға салды, сөйтіп барып, халықтың ашу-араздығы мүлде тарады-ау деген кезде, жаңа үйге кіргелі тұрған адамдарға «қоныс құтты болсын» айтып, күні бұрын дайындап қойған жалпақ қызыл лентаны қиды. Қолдарындағы ордерлеріне бір-бір қарап алып, сығылысып тұрған көпшілік бес қабатты екі үйге лап қойды. Колхоз бастығы сонда барып маңдай терін сүртті де, бөлімше меңгерушісі Барақатовты бір боқтап алып машинасына қарай жүрді. Ертесіне сәскеге жуық колхоз бастығы, Пашат және Сепентай үшеуі ауданға рапорт жазуға отырды. «Аудандық партия комитетіне. Рапорт. Жетісаз ауданына қарасты «Коммунизм» колхозы партияның алға қойған «Қала мен деревняның арасындағы айырмашылықты жою» жөніндегі саясатын қызу қолдап, «Социализм» бөлімшесіне бес қабатты екі үй тұрғызуды жоспарлаған еді. Құрылыс объектілерін пайдалануға беру үшін бір жыл мерзім бекітілген болатын. Бөлімше еңбеккерлері мен сырттан шақырылған жұмысшылардың жанқиярлық еңбектерінің нәтижесінде әрқайсысы 64 пәтерлік, яғни 128 пәтерлік (жүз жиырма сегіз) екі үй мерзімінен 7 (жеті) ай бұрын орындалды. Кеше, 1981 жылдың 21 сентябрі күні жаңа үйлерге жаппай қоныстану аяқталды. Үкімет пен партияның алға қойған жаңа міндеттерін бұдан былай да бұлжытпай орындай береміз деп уәде береміз. «Коммунизм» колхозы басқармасының төрағасы — Б.Жалмұратов Партия ұйымының секретары — С.Керейбаев «Социализм» бөлімшесінің меңгерушісі — П.Барақатов 1981 жыл, 22 сентябрь». Рапортты бүгіннен қалдырмай жеткізу үшін партия ұйымының секретары Керейбаев ауданға шұғыл аттанып кетті. Колхоздың өзге басшылары үлкен бір істі ойдағыдай орындап шыққандарын атап өту үшін кешкілік бөлімше