СОЦИАЛИЗМ ЗӘУЛІМІ

меңгерушісі Пашаттың үйіне жиналатын боп тарасты. Уақытты текке өткізуді қаламайтын Пашат бастықтың кеңсесінде отырып-ақ рация арқылы бөлімшемен байланысып, өздері барғанша бір бұзау, екі қой сойыла берсін деп тапсырма беріп шықты. Ауданға рапорт тапсырып болған соң парторг те орталыққа соқпай-ақ тура бөлімшеге тарта беретін боп келісілді, ал оның семьясы өзгелермен кете береді. Бұл кезде бес қабатты екі үйдің алды Тәшкеннің мал базарындай ырду-дырду, у-шу боп жатыр еді. Ат арба, түйелі арба, есек арба, жүк артқан «Зилдер» мен «Камаздар», «Белорусьтар» мен шынжыр табан тракторлар, мақта теретін машиналар мен комбайндер, әйтеуір кімнің қолында не бар, соның бәрі бүгін осы үйдің алдында. Бәрі жүктерін түсіріп, әркім өз үйіне тырмысып тасып жатыр. Қоныстану бір күнде, бір мезгілде басталғандықтан терлеп-тепшіген жұрт арқалаған жүктерімен бір-біріне кептеліп, бір-бірімен ұрысып, бірін-бірі балағаттап бет жыртысуға шейін барып жатты. Түн жарымы ауа бергенде ғана қалжыраған жұрт қалған жұмысты ертеңге қалдырып біршама тынышталды. Жаңа салынған үй болғандықтан барлық жердегідей мұнда да газ жоқ еді, сондықтан жаңа қоныстанушылар әркім өз білгенінше бірдеңе ғып ыстық-қаумет жасап ішіп жатты. Біреулері термостағы шайын ішті, біреулері салқын тамақпен қарын жұбатты, енді біреулері электроплитканы тоққа қосты, ал кемпір мен немересі үшеуі екі бөлме алған үшінші қабаттағы Мелдеш ақсақал тура балконға от жағып шай қайнатты. Далаға әбден бауыр басқан кейбір қазақтар үй маңынан ошақ қазып, жалынын лаулатып у-шу боп жатысты. Алыстан қарағанда бұл ешқандай да үй емес, өртеніп жатқан кеме сияқты еді. Адамдардың бірі кіріп, бірі шығып, бірі келі түйіп, екіншісі диірмен тартып, қабырғаға құлаштап шеге қағып, әр балконда от жанып, үй маңы жалынға толып, бес қабатты коммунистік екі жатақхана өмірге келген күннен бастап құдайдан көресісін көріп жатты. Ертең бұлардың әрқайсысы той жасайды, сөйтіп, мына екі үй Қазақстанда тұратын жүз жиырма ұлттың дәстүрі бойынша ән айтып, би билеп, күні-түні селкілдеп шығатын болады. Және мұндағы тұратындардың негізі шофер, тракторшы, комбайншы, механик, арбакеш, құрылысшы т. басқалар, олардың бәрі машиналары мен тракторларын есік алдына қояды, ал, жүз жиырма сегіз пәтерден шыққан отыз шақты трактор таң атпай бірден оталғанда ақырзаман кеп қалған екен деп талай адам терезелерінен қарғып кетуі мүмкін. Коммунистік жатақхананың алғашқы таңы атты. Газеттер күнде жазатын кәдімгі арайлы таң. Жайма-шуақ, моп-момақан. Өзімен бірге ол жер бетіне әдеттегідей толып жатқан дүрбелеңін білдірмей ала шықты. Сондай күтпеген оқиғаны ол бүгін «Социализм» бөлімшесіндегі екі үйдің жаңа тұрғындарына да ала шығып еді. Коммуналды үй болған соң, әрине, оның ішінде әжетханасы да болады, ал, әжетхана болған соң оған бармайтын адам жоқ. Бірінші қабатта тұратын «шүршіт» Темірбек жер бетіндегі барлық адам атаулы сияқты жұмыс күнін әжетханадан бастайтын.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13