Алматыдағы бір құрылыс басқармасының аға инженері Әшірәп Байтұрсынов қызметтен үйіне оралды. Әйелі Ғазиза осыдан екі күн бұрын кішкене Ержан мен Сейтекті ертіп, Шымкенттегі төркініне кеткен еді. Мазасын алатын ешкім жоқ. Сондықтан ол өз бөлмесінің есігін ашып тастап, жұмсақ орындыққа шалқалай түсіп, күнделікті газеттерді қарап отырды. Осы кезде ауызғы үйдің есігі сарт етіп жабылды да, әлдекім тасыр-тұсыр етіп кіріп келді. «Ай, Есенжол-ай,— деді Әшірәп ішінен. — Тасырламай бір жүрмейсің-ау!» Ол бұл ойын аяқтаймын дегенше, бөлмеге ұлы да кірді. Есенжол үйреншікті әдетпен әкесіне бас изеп, оның қарсы алдына отырды да газеттерді тез-тез қарап шықты. — Қайдан кеддің? — деді әкесі ұлына көз тастап. — Ә, мен бе? — Ол басын көтермеген бойы жауап қатты.— Мен институттан… — Тамақ іштің бе? — Іһм. — Қайдан іштің? — Володьканың үйінен. — Есенжол осыны айтты да, әлдене есіне түскендей орнынан атып тұрып, өз бөлмесіне беттеді. Шығып бара жатып: — Папа, есікті жауып қояйын ба? — деді. Әшірәп үндемей бас изеді. Өйткені қазір ұлы не пластинка ойнатады, не баян тартады, я болмаса қол сандықтарын аударыстырып, бірді-бірге соғыстырып тасырлатады. Осылай етерінде ол ылғи да «Есікті жауып қояйын ба?» — деп сұрайтын. Дәл солай болды. Есенжол өз бөлмесіне бара салып, қол сандықтарын аударыстырды. Әлденелерді сытырлатып, газетке орап салып жатыр. Ара-арасында ысқырып әндетіп қояды. Оның политехникалық институтқа түскені биыл ғана болатын. Әшірәпқа ол әлі күнге шейін уыздай жас сияқты болып көрінеді. Сондықтан оның үйге кешікпей келуін, кино дегенді көп көріп, кез келгенмен дос бола бермеуін ылғи қадағалап отыратын. Есенжол Әшірәптың салауатты тәрбиесін көріп өскен еді. Сондықтан оның өзі де көп желіге бермей, ұстамды, ойлы болуға тырысатын. Ұлының осы мінезі әке көңілін бір мезгіл желпінтіп тастайтын-ды. Сөйтсе де ол бұл сырын ұлына сездірген емес. Сездірсем, масаттанып кетіп жүрер деп ойлайтын. Ұлының бөлмесінен музыка әуені естілді. Біраздан соң ол әуен кілт тоқтай қалып, басқа сазға ауысты. Тағы да, тағы да… Әшірәпқа оның осы мінезі-ақ ұнамайды. Бөлмесіне кіріп барсаң — толған пластинка, бейтаныс артистердің суреті, төсек асты толған кірдің тасы. — Сен не істеп жатсың? – деді ол ұлының бөлмесіне кіріп. — Ленталарды іріктеп жатырмын. Ертең тыңға жүреміз. — Імм. Ертең жүресіңдер. Дұрыс. Ал мына магнитофонды қайтпексің? Барған жерлеріңде электр бола ма, болмай ма? — Болады, — деді ұлы көңілдене үн қатып. — Болмаса, болдырамыз. Біздің Қазбектің қолынан келмейтін нәрсе жоқ. Ол ағаштан түйін түйе білетін шебер. — Солай де. Кім ол Қазбек деген сонша? — Кімі несі, жолдас жігіт. Өзі, міне, мынандай! —Есенжол бармағын көрсетті. — Қазбек дегенің анада үйге бір