СЫР БОЙЫНДА (новелла)

аяп кеттім. Ол мен үшін не көрмеп еді? Жастайынан жұмысқа араласып, жұрт сияқты жаны жадырап жүрмеді ғой. Бар ойы мені оқыту болды да, ерте тұрды, кеш жатты. Ал, мен соның арқасында кірбеңсіз, көңілді күлкіге көміліп еркін өстім. Ол менің бетіме осы кезге дейін бір келіп, ұру былай тұрсын, қатты сөйлеп те көрген емес. Сөйтіп жүріп, он жеті жасында Шолпанға үйленді. «Бар өміріміз ренішсіз, қайғысыз өтсе екен», — деп жүрген ағамның бүгінгі күрсінуі жүрегіме инедей шаншылды. Тап осы сәтте Жамалға деген бұрынғы сезімім лезде ғайып боп, оған енді қайтып елжіреместей болдым. «Өзі келмесе, мен бармаймын, — деп бекіттім ойымды.— Ол менің ағамнан қымбат емес!» Басымды көтеріп, орнымнан тұрсам да, сыртқа шығып ағам мен жеңешемнің көзіне түсуге батылым жетпеді. Олар мен туралы не ойлап отыр екен? Мүмкін, осының бәрі үшін мені кінәлап жүрген шығар. Не істедің сен, Жамал! Бұрын күлкі мен қуаныш қана мекендеген аядай үйге сен келіп бүлік салғаның ба?.. Жамал үш-төрт күнге дейін келмеді. Үйдің ішін ауыр көңілсіздік басты. Ағам қайта-қайта күрсіне берсе, мен үнсіз ғана спорт газетін қолға алып, сытырлатып аударыстыра берем, жеңешем де аса көп сөйлемей қазан-ошағын жайғастырады. Балалардың бірі қатты сөйлей қалса, «болды-ай, өшір үніңді» деп зекіп тастайтынды шығарды. Мен Жамалдың келуін күтіп, іштей тынып жүре бердім. Бір күні жұмыстан келсем, үйде Жамал жүр екен. «Папа!» — деп Сүгір алдымнан жүгіріп шықты да, екі тіземнен қапсыра құшақтады. Алғашында итеріп тастайын деп оқталсам да, жас баланың не жазығы бар деген ойға келіп, оны көтеріп алдым. Ол алысқа барғандығы, үстіндегі жаңа көйлекті сол жақтан кигендігі туралы былдырлап, кішкене алақандарымен екі бетімді құмарта шапалақтайды. Шіркін, бала деген қандай тәтті! Оның бетінен сүйіп-сүйіп алғанда, ұйысқан ашуым біршама серпілгендей болды. Бірақ Жамалға қарап еш тіл қатқан жоқпын. Тек төсекке жатқан кезде ғана: — Жамал, сен неге кеттің? — дедім қатқылдау үнмен. — Шолпанның кесірінен. — Енді неге келдің? Ол жастықтан басын жұлып алып: — Менің керегім жоқ па еді? — деді алқына сөйлеп. — Егер де, осыныңды екінші рет қайталайтын болсаң, шынымды айтайын, керегің жоқ. Мен бұл сөзді шын бекінген адамның қалпымен салмақты айтқанымды, оған деген ашуымның әлі де мол екенін байқаған Жамал, ұзақ үнсіз отырды да, бетін қолымен басып, солқылдап жылап жіберді. Әбден жылап болсын дегендей мен темекіні үсті-үстіне сора түсіп, үнсіз жата бердім. Бір кезде ол алақанын бетінен алды да маған қарап: — Камал, — деді жалбарынған үнмен. — Не айтпақсың? — Сен түкті де білмейсің, Камал… — Менің нені білуім керек еді? — Мен сені сүйемін!.. — Оһо, бұл

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14