жаңалық екен. Осы кезге дейін білсемші! — Сен олай келеке етпе. Сені сүймесем, бұл жерге қайта оралмаған болар да едім. Мен оған ашулы жүзбен жалт қарағанымда, ол шошып кеткендей, көзін төмен түсіре қойды. — Сен қандай зәбір көрдің осы үйден соншалықты? Не жетпей жүр саған? Осы сұрақтан кейін, барлық еркек атаулыны еліктіріп жіберердей әйелге тән назы аралас еркелігімен ол менің мойнымнан қыса құшақтады да, нәзік қолдарымен шашымды салалай тарады. Сонан соң дымқыл еріндерін құлағыма тигізе сыбырлады: — Айтшы, Камал, сен мені сүйесің бе? — деді. — Бұл сұрақ маған бұдан бес жыл бұрын қойылуы керек еді, сенің жақында ғана танысқан жандарша бұл қай сұрағың? — Сонда да болса айтшы, жалынамын! «Құдай-ау, бұл маған «қайтадан ғашық болып отырғаннан сау ма?» — дедім өзіме-өзім. Ә дегенде ұрысып тастайын деген ойда болсам да әйел атаулы маңызды болсын, маңызсыз болсын, қойған сұрағына әйтеуір жауап алмай тынбайтынын біліп: — Сүймесем, саған үйленер ме едім? – дедім үнімді жұмсарта сөйлеп. Құлағыма тиіп тұрған еріндерінің күлімсірегендей ақырын ғана қозғалғанын сезіп, әлгі сөзім оған әйтеуір бір дәрежеде қуаныш тастап өткенін байқадым. — Әлі де сүйемісің? – деді ол басын көтеріп. Оның әлгінде жылағандықтан су-су болған шаштары менің бетім мен кеудемді тітіркендіре қытықтайды. — Бұл түннің қай түн екенін түсінсем бұйырмасын. Немене, екеуіміз енді табысқалы тұрмыз ба? Ал, сүйемін онда не болады. — Шынымен бе? — Ой, құдай-ай, шыным. Ол басын сылқ еткізіп кеудеме тастап жіберді. Біраздан соң басын қайта көтеріп, қараңғыда менің жанарым не айтып тұрғанын оқымақ болғандай, бетіме үңіле түсті де: — Есіңде ме, баяғыда, «сен үшін, не айтсаң да орындаймын» — деп едің, оны ұмытқан жоқсың ба? — Айтылған сөзді қалай мойындамайын. — Онда мен бір тілек қояйын, қабыл аласың ба? — Ол не тілек? — Тек, орындаймын деп уәде бер. — Алдымен айтсаңшы! — Камалым менің, бәрі де сен үшін, – деп ыстық құшағымен қарбыта аймалап, есеңгіретіп жібергендей болды. — Сөйтіп, орындайсың ба? — Жарайды, ол не? Жамал қазір айтатын сөзінен жасқанғандай біраз үнсіз жатты да: — Екеуміз бөлек тұрайық, сонда ағаңа да, бізге де жеңіл болады, немесе, күнде керісіп, қадірімізді жоғалта береміз бе деп қорқамын! – деді дірілдей сөйлеп. Мынандай күтпеген тілек төбемнен суық су құйылғандай денемді түршіктіріп жіберді. — Не дейсің? Не айтып жатырсың, Жамал! Нұржаннан бөлек тұру ма? Жоқ ол болмайды, сен маған, мұны екінші рет естіртпе, атама ондайды, — дедім қойнымнан жылан шыққандай атып тұрып. Осы сөзімнен соң ол ашуымнан сескенер де үнсіз қалар, сонан соң, «мейлі қойдым, маған тек сен