Ол өз сөзінің қостау тапқанына разы болғандай газды арылдата басып, шаңды бұрқырата жұлдыздай ағыза жөнелді. Тау астынан күн де көтеріліп, көк шөптің үстіне әлдекім түні бойы ақ маржан шашып шыққандай, күн сәулесімен шағылысқан мөлдір шықтар жылт-жылт етеді. Ен даланы қаптаған шаңырақтай-шаңырақтай кеурек пен жусанның ашқылтым иісі қатты желмен күшейе түскендей қолқаны атады. Жол жиегіне тізіле өсіп, қызыл-ала гүлге бөленген ұзын-ұзын құлқайырлар бізді күтіп енді абыроймен атқарып салуды көздеген құрметті қарауылдай тапжылмастан қимылсыз тұр. Олардың ар жағында шашырай өскен қурайлар бізді көріп қалғылары келгендей лып еткен таң самалымен бастарын шайқап-шайқап, құлқайырлардың ара-арасынан сығалай қарайды. — Әні, жетпей жатып күнді де шығарып алдық. Ай, бауырым-ай, мана мен барғанда дайын болсаң ғой осы кезге дейін… Міне, енді күн де шығып кетті. Күн ысыған соң үйректердің бәрі қамыс-қамыстың арасына кіріп кетеді, сонан соң сарышұнақ аулаймыз ба? Ол жартылай көтерілген күнге ызалана қарап қойып, кіжіне сөйлеп келе жатыр. Оған «я», не «жоқ» деп жауап берсем өршеленіп кететінін біліп, дұрысы сөйлемейін деген ниетпен құмға сіңген судай етіп, сөздерінің бәрін жауапсыз жұтып отырмын. Мүлгіген таңғы тыныштықты мотоциклдің арылдаған дауысы дүр сілкіндіріп, бейне бір осы жолдың бәрін таусып шықпақ болған кісіше, жалпақ жол қайда қашса да қыр соңынан қалмай құйғытып қуып келеміз. — Әні, әні, Дарияның тоғайы да көрінді. Енді жарым сағаттан соң екеумізде бір-бір үйректен болады. Жеттік-ау, әйтеуір! — деді ол қуана айқайлап. — Әй, сен өзің түсіп қалғаннан саумысың, неге үндемейсің? — Жо-жоқ, отырмын ғой, — дедім оған күле жауап қайырып… Екеуміз Дария жағасына жақындағанымызда күн арқаны қыздыра бастаған еді. Сөйтіп, күн ұясына бақан бойы қалғанда, екеуміз жеті үйрек, үш қырғауыл, 5-6 шүрегей атып алып кері қайтуға жиналдық. — Күн де кешкіріп барады, қайтайық, Жаппар, — дедім әбден қалжыраған соң. — Қой, келгеніміз жаңа емес пе, біраз аңдып жата тұрайық. — Ей, жаңа келгені қалай, сағат бес болды ғой! Ол маған «не дейді» дегендей жалт қарады да, асығыс қимылдап шалбарының ышқырынан қармаққа ілінген шортандай етіп қалта сағатын алып шығып, менің айтқанымды мойындағандай басын шайқап қойды да, іле «үндеме» дегендей ым жасап, күбір етті. Мен түсіндім де, ол қадалған жаққа көз тастадым. Көктемгі тасқында пайда болған толқынсыз көлдің бетінде үш-төрт шүрегей мен екі үйрек қанаттарын сабалап, бізден едәуір алыста жүзіп бара жатыр екен. Жаппар үйректен өзге дүниенің бәрін біржолата ұмытқандай, екі көзін көл бетінен айырмай, демін ішіне тартып қимылсыз жатыр. Үйректер ақ бауырларын көрсете, қанаттарын сарт-сұрт қағып су бетінде ойнап жүр. Бір кезде олар тізіліп алып бізге қарай жүзді. Жаппар құнжыңдап, бір уыстай боп жиырыла қалды да,