мені түртіп жіберді. Онысы — сен де дайындал дегені. «Е, құдай — деп қояды ол демін сыртқа дірілдей шығарып жатып. — Жақындай түссе екен». Ол да, мен де, мылтықтың шүріппесін дыбыс шығармас үшін алақанымызбен баса қайырып, олардың оқ жетер жерге жетуін күтіп жатырмыз. Сары масалар бетке, жауырынға, қолға қонақтап бір маза берсеші. Жаппар бетіне қонған масаны елер емес. Әні, шыбындай бір маса келіп оның дәл мұрнына жабысты. Енді бірі бетіне кеп қара тікенектей қадалып қалды. Жаппар қорғанайын деп ойласашы! — Жаппар, бетіңдегі масаны ұшырсаңшы, — дедім шыдай алмай. — Үндеме, үндеме, жей берсін! Неғылады жегенде, тойған соң өзі-ақ кетеді. — Ойбай-ау, бүкіл Сырдың масасын тойғызамын дегенше, өзің де өліп тынбаймысың! — Үндеме, үндеме дедім ғой мен саған. Е, жаратқан! Жақындай түс. Ой, ақымақ шүрегей, қайда бұрылып кетті. Иә, иә бұрыл, е сөйтсеші! — деп Жаппар тиышсызданып отыр. Арада бірнеше секундт өткен соң, темекі шеккім келгендіктен бе, мені бір сұмдық жөтел қыстады. Жөтелейін десем үйректерді үркітіп алып, Жаппарды ашуландырып қоямын ба деп қорқамын. — Ой, бәрекелді, ана біріншісінің есі бар өзі, қарашы, тура осында бастап келеді. Ал, ана бір жүгірмек шүрегей бар ғой, тұрған әумесер екен, басының ауған жағына кете береді. Өзін бір тірідей ұстап алып әкесін танытар ма еді. Ай, бәрекелді, айттым ғой біріншісінің есі бар деп, түбі сол адам болады. Иә, иә бері, бері, імм, дәл солай… Енді сәл тура жүзіңкіре. Жаппар үйректер жақындаған сайын өзінің сөйлеп отырғанын да ұмытып бара жатқан сияқты. Осы кезде үйректер әлденеден қауіптенгендей бастарын қаздитып, тұра-тұра қалысты. Менің жөтелімнің келгендігі сонша, дем алуға да мұршам жетпей, қызара буынып, әрең шыдап отырмын. Жаппар мені бір түртті де, өзі көздей бастады. «Атсаң тез атшы құрғыр» деп оған іштей қапа болып отырмын. Сол кезде өзімді-өзім ұстай алмай. «Әп, тши!» деп рахаттана бір түшкіріп кеп жібердім; басымды көтерген заматта көл бетіне көз тастасам, үйректердің орнында сақина тәрізді сан толқындар ғана қалыпты. Жаппар ызаға булыққаннан не дерін білмей, мені екі көзімен ішіп-жеп бара жатыр. Оқыс қимылдап шошып қалған масалар ду көтерілгенде, оның бетінің қып-қызыл боп ісіп кеткенін көрдім. Дәл осы жерде оның қимылдарының бәрі де, аңшылықтың қызығына қызығушылық емес, сұмдық бір дүниеқоңыздықпен астасып жатқанын байқап қалдым. Сөйтсем де, оның мынадай халіне жаным ашып тұр. «Неткен жан себілсің, өліп пе ең сонша», — деймін іштей оның жаман қадалған көзінен тайсалмай қарап. Жаппардың міріден сірі айырған пайдакүнем екенін мен бұрын есітсем де сенбеуші едім. — Әһ… әй, — деді бір кезде ол тұтыға сөйлеп. — Әу? — …ққайда? — Не қайда?