— Ү… үйрек?! — Кеткен. — Қ…ққайда? — Суға-дағы. Менің немқұрайды жауап беріп отырғанымды көріп, ол бұрынғысынан да бетер түтігіп кетті. — Тап! — деді енді ол тұтығудан айығып. — Қайдан табам! — Жерден қаз, көрден қаз, екі үйрек табасың! Мен бөтен сөзге келместен, оның алдына екі көк ала үйрегімді лақтырып жібердім. — Сен-ақ ала ғой, ренжімеші тек. Мен оны алмас, осымен ұялтайын деп ойлаған едім, ал ол, үйректердің сорайған мойындарынан қыса ұстап, қанағаттанған кейіппен мотоциклдегі өз үйректерінің ішіне апарып тізіп қойды. Мен үндегем жоқ. Ол екі бетінің қанын шығара қасып жүр. Осы кезде мен оның жүзіне қарап едім, жүрегім айнығандай боп кетті. «Неткен сорлы, неткен пасық едің!» — деймін оған естіртпей күбірлеп… Екеуміз үн-түнсіз қайтып келеміз. Тоғай ішіндегі жолдан алаңқайға шыққанымызда, күн батуға екі сағаттай қалған еді. Сонау, алыста көрінген жолға төтелеп, бір жыра, бір шұқырға түсіп, итірқылжың келе жатырмыз. — Ойбай, Талап, мылтықты ал! — деді бір кезде Жаппар жанұшыра айқайлап. — Не боп қалды?! — Киік! Жаппардың кең жауырнынан қисайып барып алға қарасам, төрт аяқты бірдей тастап бір киік орғып барады екен. Иығымнан мылтығымды жұлып алдым да: «Тез!» — дедім. Ол газды аямай басып келеді. Жердің ой-шұқырына қарайтын емес. «Ойбай, тездет! Жетейік деп қалдық!» — деп Жаппарды шынтағыммен нұқып қалдым. Қайтар кездегі ала көз болғанымыз есімнен мүлде шығып кетсе керек. «Қайт дейсің, бұдан артық ала алмайды», — деп ол да айқайлап сөйлеп қояды. Бір кезде алдымыздан аумағы бір-екі шақырымдай ақ тақыр ұшырады. Жаппар мотоциклдің жүрісін шапшаңдата түсті. Міне, киікке жетіп те қалдық. — Ат! Мен гүрс еткізіп басып қалдым. Шошынған киік жан-тәнімен бар күшін салып, ышқына ытқып кетті. Ол бізден алыстап барады. Әлгі оқ жанбастан тиген бе, киік ақсай қашып барады. Мылтықты екінші рет оқтағанымызша, киікке едәуір жақындап қалыппыз. Сорғып бара жатқан киікті Жаппар қапталға ала қуды да, қабаттаса бере тағы да: — Ат, несін аяйсың, дәлдеп атсайшы! — деді. Мен өкпе тұстың шамасы осы болар деген болжаммен, қолымды соза түсіп, тағы да тарс еткіздім. Бірақ киік құламады. — Және тимеді ме? Құры дәрілеп атып отырғаннан саусың ба?! Қап мынаны-ай! Әлі безектеп барады, көрдің бе?! Киік баяғы ақ тақырдан шықпай әлі айналып жүр. Мынандай жағдайға мен енді таң қала бастадым. Сорлы-ай, сонау тоғайға қарай бет бұрса ғой, әлдеқашан құтылып кеткен болар еді-ау, бір орында айнала бергені несі? Осы кезде Жаппар тағы да: — Ат! — деп қалды. Мен оны көздемей-ақ ата салдым. Бірақ мылтық дауысы шықпады. — Енді қашан, атсаңшы, әлде қолмен ұстап алғың келіп отыр ма!