— Оқ жоқ. — Ей, өзің бір… Нақұрыс екенсің ғой, бауырым! Мә, ат! — Ол қалтасынан бір патрон алып маған ұсынды. — Бол, тез! Мен оқты салдым да, ұзақ көздедім. Сонда барып, киіктің жамбасынан қап-қара қанның сорғалап бара жатқанын көріп, денем дір ете түсті. Шіркін өмір, қандай тәтті едің сен! Жосылып аққан қанға да қарамай, киік безектеп барады. Оның қарқыны бұрынғысынан көп бәсеңдеген секілді. Енді біраз қусақ, атпай-ақ ұстап алатын түріміз бар. Осы кезде менің ойыма: «Япырмай, осы киік соқыр емес пе екен?» — деген сұрақ сап ете түсті. Олай болмаса, тақырды айналып қаша берер ме еді. Аяғының асты тегіс болған соң, соны қуып қашып жүр ғой, бұл сорлы. Әне, қарашы, шетке шығады да, тегіс болмаған соң, кері қайтады. Сонан соң, ол әлі күнге дейін басқа киіктерше жан-жағына жалтақтап бір қарамады. Иә, бұл киіктің соқыр болғаны ғой, немесе төмпешік пен бұтаға сау киік неге сүрінсін», — деп түйдім де, кезелген мылтығымды төмен түсірдім. — Енді қашан, болсаңшы! — деді Жаппар ақырып. — Жаппар, мен ата алмаймын. — Не дейсің?! — Атпаймын деймін! — Ойбай-ай… Ыбылжыған сорлы-ай! Әпкел бермен! Ол мылтықты менен жұлып алды да, сол қолымен рульді ұстап, оң қолымен киікті көздей бастады. Жаппардың мүлт жібермес мерген екенін мен әрине, жақсы білемін. Қазір атса, ол сөз жоқ киікті домалатып түсіреді. — Жаппар, атпа! — дедім оның қолынан ұстап. — Жібер, есалаң, киікті аяймысың. Өзің атпайды екенсің, тек отыр, сенің қолың дірілдесе, дірілдемейтін қол менде бар, — деп ол тағы көздеді. Менің қандай сөзім болса да тыңдамайтынына көзім жетіп, мылтығын қағып жібергелі енді оқталғанымда, ол атып та үлгерді. «Ақыры құрттың ба!» — деп бетімді басып, киік жаққа қарай алмай ұзақ отырдым. «Ей, көзіңді аш, не, жылап отырмысың? — деген Жаппардың дауысынан басымды көтерсем, біз тоқтап тұр екенбіз. Жалма-жан киік жаққа көз тастадым. Тақыр шетінде желді күнгі тоқымдай болып, кеудесінен жан шығара алмай, тыпыр-тыпыр етіп, қоп-қоңыр киік жатыр. — Ақыры құрттың ба, тасжүрек, қомағай! — дедім шыдай алмағандықтан. — Ей, сен не деп шатып тұрсың өзің, шының ба, қалжыңың ба? — Шыным. Соқыр киікті атпасаң аштан өлетін бе едің, — дедім ызбарлана оған жақындап. Ол менен жасқанды ма, әйтеуір кейін шегіне берді. Бірақ болар іс болған соң, мен оған не істейін. Кейін бұрылдым да, тез-тез басып киіктің жанына келдім. Жаппар атқан оқ дәл құлақтың түбінен тиіпті де, қаны сорғалап көзіне құйылып жатыр екен. Екінші жағын аударып қарасам, көз орнында кепкен шек сияқты бір шандыр қатып қалыпты. — Ой, сорлы-ай! — дедім, денем