дір ете қалып. – Обалың мына бір тас жүрекке. Жаппар пәлен деп тіл қатпай киікті люлканың ішіне әкеп жайғастырып салды да, үндемеген қалпы мотоциклді от алдырды. Біз жүре бергенімізде күн де батып бара жатыр еді. Ауылға келген соң үйректі де, киікті де Жаппарға тастап, қош айтыспастан үйге қарай бет алдым. Ол да мынауың қалды деп бір ауыз тіл қатпастан люлкадағы бар олжаны, апыл-ғұпыл түсіре бастады. Оның қимыл-қозғалысында бір жиіркенішті дүниеқоңыздылық, ашқарақ жанның асығыстығы бар еді… Үйге келген соң да көз алдымда сорлы киік елестеп, көпке дейін кірпік айқастыра алмадым. АҒАЙЫНДЫЛАР Төрт жасар баламды құшағыма қыса түсіп, сол бір күндер туралы әлі де жиі-жиі ойлана беремін. Түннің көп мезгілі өтіп кетсе де кірпігім айқасар емес, неге екені белгісіз, бүгін ұйықтайын деп те ниет етпейтін сияқтымын. Міне, таңның атуы маған ғана байланысты болар деп ойлайтын ақымақ әтештер екінші рет шақыра бастады. Әуелі үйдің дәл түбінен біреуі айқайлады, сонан соң сәл алысырақтан, ең соңғы дауыс көшенің сонау бір шетінен талып естіледі. Қарсыдағы бөлмеден Нұржанның оқтын-оқтын жөтелгені келеді. Ойыма сонау Жамалмен жаңа қосылған кезім орала кетті. Той-думан тарқап, кісі аяғы басылған соң, біз үйреншікті жұмысымызға кірістік те, ағамның үй ішімен тату-тәтті өміріміз жалғаса берді. Арада санаулы күн өткен соң-ақ, Жамал олармен кәдімгідей үйренісіп кетті. Бұрын ағамның балаларымен алысып-жұлысып, күлдіріп, жылатып дегендей у-ду өмірге үйреніп қалғанымнан ба, қарсы бөлмеде балалардың шуын естіп, бөлек үйде жым-жырт жата алмадым. Кейде, «Көке, Айсұлуды қарашы, менің ойыншығымды бермейді», немесе «Көке, анау Нұралы мені ұра береді», — деп жыламсырап шағым айтқан балаларына: «Қой-ей, тимесеңші оған» — деп басу айтқан Нұржанның үнін, енді бірде «Оу, әлли-ай, жылама, жылама, ұйықта. Ал, бөжек келе жатыр, мә, әй, бөжек, алып кет Сәлимашты! Әні келе жатыр, үйбай! Қой-әй, қайт әрі, ұйықтайды қазір. Ал, әупәллай-әй-әй», — деп бесікті сықырлата тербеткен Жеңешемнің әлдиін естіп, мына үйден гөрі маған сол жақ мың есе қызық сияқты болып көрінетін. Сонан соң онда кіріп барып, балаларды умаждап-умаждап, бірін мойныма, бірін арқама мінгізіп, құмарымды тарқатып қайтушы едім. Сондықтан жақсы көретін болар, жұмыстан келген кезімде, «менің көкем, менің көкем» — деп алдымнан шуылдай шығып, таласып-тармасып жататын. Тепловоз айдаушыда тыным болған ба, үйіңде бір күн болсаң, есесіне екі күн жоғаласың. Бүгін Ташкентте, ертең Арыста, Қызылордада, әр жерден бір шаң беріп жүргенің. Осындай сапарда көбірек жүріп қалған кезімде, мен бәрінен бұрын ағамды сағынатын едім. Үйге кіріп келіп қара май иісі аңқыған киімімді де ауыстырмастан, оның мойнына асыла кететінмін. «Қойшы, Камал, бала болып кеттің бе? Ұят-ай, сырықтай жігіт осылайша еркелей ме екен?» — деуін десе де,