СЫР БОЙЫНДА (новелла)

күректей алақанымен шашымды сипап-сипап қоюшы еді. Менің мұнымды жеңешем де ерсі көрмейді, анадай жерде күлімсіреп қарап тұра беретін. Бір ретте үйге келген әйелдермен әңгімелесіп отырып, олардың: «Сенің осы мырзағаң үйленбей тұрғанда ерке еді, енді басылайын деді ме, қалай?» — деген сұрақтарына жеңешемнің: «Жо-жоқ, неғылған басылу, әлі бала сияқты, даладан келсе ағасын құшақтап, балалармен алысып, тіпті біреуімен кәдімгідей кергілесіп тасыр-тұсыр етіп жүргені. Біз де соған үйреніп қалғанбыз ғой, ол үйде жоқ болса, қашан келеді, қашан келеді деп шыдамымыз таусылып отырамыз, — деген жауабын естіп қалғаным бар еді. Менің жеңешем де алтын адам ғой шіркін, жүрегі кең-ақ, қашанда күлімсіреп тұрғаны. Таң атса-ақ болды, май-май дорбасындағы кілт, қышқаштарын сақырлатып тракторіне Нұржан, қолыма шойындай зіл фонарды алып депо жаққа мен кетемін. Үйде Шолпан мен Жамал қалады. Олардың күні бойы не істейтінін құдайым білсін бе, кешке жақын оралғанымызда мұрындарынан шаншылып жүргені. Бір күні жолға шығатын состав әлі дайын бола қоймай екі-үш сағат операторда бос отыратын болған соң, ойда жоқта үйге кіріп келсем, жеңешем мен Жамал бір-біріне су шашып алысып ойнап жүр екен. Үйдің ішін бастарына көтеріп шек-сілелері қата күліп жатыр. Мен не істер екен дегендей, табалдырықтың жанында бақылап тұра бердім. Бір кезде Жамал Шолпанды жығып алды да умаждай бастады. «Ұр, ұрыңдар, әй Нұралы, Айсұлу, қайда жүрсіңдер, келіңдер бері» — деп балаларды да шақырады. Оларда тоқтау бола ма, мәз болып, өз аналарын өздері төпеп жатыр. «Ай, Нұралы, қой-әй, Жамалды ұр ана, әйтпесе Камал көкеңді мен алып қоямын» — дейді ол әрең сөйлеп. Сонан соң Нұралы мен Айсұлу Жамалды тартқылап, Шолпанға аударып бермек болып тырмыса түседі. Мен олардың ойынын бөліп, ұялтып қоймайын дедім де, іштей күлімсіреп келген ізіммен кейін шығып кеттім. Иә, әйелдер біздің өмірімізге осылайша сән беріп тұрды, ал бірақ, тыныш жатқан көлге тас лақтыратын да сол әйелдің өздері екенін біз, әсіресе мен қайдан білейін. Арада бір жыл өткен соң Жамал бір ұл тапты. Өзімізше Нұралыға ұқсас болсын деп, атын Сүгірәлі қойдық. Араласып менің нем бар, бәрін ойлап тауып жүрген Нұржан мен Шолпан ғой. Сөйтіп жыл артынан жылдар өтіп, Сүгірәлі де төрт жасқа толды. Жамалдың екінші рет көтерген қызы алты айлық кезінде қызылшадан қайтыс болды. Алғашқы кезде жас нәрестеден бойымды алып қашып жүруші едім. Қызылшақа балаға қарап отырып: «Қойшы, осы да адам бола ма екен?» — деген қыжыртпа сөзіме ауыл кемпірінің бірі: «Не дейді-ей, мына дода бас? Құдай қойса әлі-ақ жігіт болып шыға келеді. Осындай болмай, аспаннан салбырап түстім дейсіңдер ме, түге! Ой, әдірам қалғырдың айтып отырғанын қарай гөр. Қарашы, қасы, көзі өзіңнен айнымай қалған, қияқтай»

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14