— деген сөзінен кейін мен ұялғанымнан әрі ызаланып, «қой, оған біреуге ұқсау қайдан болсын» — деп қолды бір-ақ сілтеп шығып кететінмін. Бірақ өмірдің өз дегені мен өз заңы бар екен де, бірте-бірте үйреніп, оған іш тарта бастадым. Ал баланың ең қызығы тілі шыққанда екен. Әрнемені бір былдырлап, сен оны жақсы көріп отырсың ба, жек көріп отырсың ба, онымен инедей де жұмысы жоқ, өзіңе тура қарап арсалаңдап, елпектеп күлгенде, қалайша дәтің шыдап тұра алады. «Ие, келе ғой», — деп айтып қалғаныңды да өзің байқамай қаласың. Оның үстіне, Жамалдың: «Әне, анау папаңа бар. Камал, шақыршы Сүгірді» — деген сөздері менің құлағымды әбден үйретіп, әке болып қалғанымды еріксіз мойындата берді. Өстіп жүріп, жұмыста болған кездерімде Сүгірдің сүйкімді қылықтарын көз алдыма елестететін болдым. Бұрын асықпай тепловозды сүртіп, қала берді депоға кіріп, жолдастарыммен темекі тартып дегендей әңгімелесіп қайтатын едім. Ал қазір, жеңіл-желпі жұмыстарды көмекшілерге тапсыра салып, үйге жетуге асыға беретін болдым. Осылайша, бұрын жирене қарайтын баламды енді сағынатын болдым. Кейде, алыс жолдан келе жатып, оған оны-мұны алып келуге тырысатынды шығардым. Осылайша менің де әкелік борышым басталып кетті. Рас, ағамның балалары да шет қалмады. Сүгірге не алсам, оларға да сондай нәрсе сатып алып келіп жүрдім. Сондағы ойым — Нұржан мен Шолпан көңілдеріне әлдене алып қалмасын деген еді. Қазір қарасам, осы ойымның өзі ағам екеуміздің арамызда, жас ұйыған сүттей жаңа-жаңа пайда болып келе жатқан қарғыс атқыр бөлектенудің алғашқы нышаны екен ғой. Немесе «Біздің балаларымыз ұмыт қапты», — деп олар әсте ойлайтын ба еді. Бәрі де өзімнен. Олай болмаса, Сүгірдің былдыры мен бір езу тартқаны ағамның балаларына деген бұрынғы махаббатымды күннен-күнге жеңіп бара жатқанын олар байқап қалмады ма екен деп өзімнен-өзім құр қауіптене беруім қалай? Олардың, әсіресе Нұржанның көзінше Сүгірді айналып-толғанып, сүйе беруге қатты қысылып, ол маған «пап, папа» деп елпектеп келе қалса да, мен оны қақпайлап жіберіп, қасыма не Сәлимашты, не алты айлық Қабдешті ала қоятынмын. Ал, ағам мен жеңгем үйде жоқ болса, солардың балаларымен бірге ойнап жүрген Сүгірді ешкім байқап қалмады ма екен дегендей айналама сезіктене бір қарап алып, оның бетінен шөп еткізіп бір сүйіп алатын едім де, үстінің шаңын қағып, кепкасын жөндеп кигізіп кететін едім. Бала деген өте байқағыш қой. Менің өзгерген осы мінезімді сезіп қалған-ау, ағамның балалары маған бұрынғыдай елпелектеп тұрмайтын болды. Дәл қазір де Сүгірді аймалап жатқан кезімде, олар анадай жерде состиып-состиып қарап тұрды. Енді бір-екеуі маған тіпті көңіл де бөлместен, өз беттерінше ойнай берді. Мен де сол кезде өз бағытыма баға бермеппін ғой. Бірақ баға бергенде қолымнан не келер еді? Осылайша күндер