өте берді. Мен де, Жамал да бұрынғыдай емес, ағамның үйіне ас ішкенде болмаса, көп ретте бара бермедік. Оларда бар қызық өзімізден де табылатын сияқты көрінді. Тіпті соңғы кездерде Шолпан мен Жамал алысып та ойнамайтын болды. Әсте, бұл өзгеріс алдымен Жамалда бас көтерсе керек, оның бойында соңғы кездерде пайда болған көп аналарға тән салмақтылықты мен де сезіп жүрдім. Әйтсе де мен оған көңілді болшы, бұрынғыдай Шолпанмен алысып ойнашы деп өтініш ете алмадым. Құдай-ау, мен бұлай деп қайтіп айтпақпын! Кей күндері өзімнің қалай қарай бет алып бара жатқаныма, Нұржанмен ара қатынасыма ұзақ уақыт ой жүгіртіп өтетін едім. Бірақ өзімдегі өзгерістерді көре білгенмен, оны қателік екен ғой деп ойламай; «әке болған соң осылай болады-дағы», — деп түсіндім де: «Өз балама деген махаббатым туысқа деген сезімімді серпілте алмас», — деген оймен жүре бердім. Ал, бірақ осы өзгерістің бәрін сезіп-білген күнде, өзімдікі дұрыс емес деп тапқан күнде, мен өзімді-өзім қалайша дұрыс жолға салар едім, өзімді-өзім қалайша бұрынғыдай мейірімді етіп қайта тәрбиелеп, «осыным жөн екен» деп тұрған жүрекке қалайша тоқтау салар едім?! Ал, Нұржан ше, онда қандай өзгеріс бар екен? Ол да әке емес пе, әке болғанда бала қызығын менен әлдеқайда бұрын көрген әке емес пе? Солай бола тұрса да, ол кінәлаған көзбен маған ешқашан да қараған емес. Менің бұрынғы еркелігімнің електегі ұндай таусылып, ақыр соңында біржолата тыйылғанын ол «есейген соң басылғаны болар» дегенге балап, дәл бұрынғысындай Сүгірді аймалап, тіпті оған деген махаббаты менікінен де асып түсіп, ешнәрсені байқамай жүре берді. Егер де, ешқандай жағдай кездеспей, өмір дәл осы қалпымен аға бергенде, әлі ешқайда ұзай қоймаған теріс сезімімді жөнге салып, біз де тату-тәтті өмірімізді жалғастырар ма едік, қайтер едік. Иә, әйел атаулыға кім топырақ шаша алады, өмір тұтқасы –Ананы кім қастерлемейді. Сонда да болса біздің үлкен уақиғаға тап болуымызды сол әйелдердің өздері жеделдете түсті. Біз жұмысқа ерте кетіп, кеш келіп жүрген кезімізде, үйде Шолпан мен Жамалдың арасында қандай кіркілжің болып жатқанын қайдан білейік. Әйтеуір менің байқайтыным — бір үйдегі екі әйел бұрынғыдай емес, бір-бірімен тіл қатыспайтын сияқты. Соңғы уақытта екеуінің сықылықтай күлгенін бір естіген емеспін. Қашан келсем де Жамал көңілсіз, әлдекімге ренжігендей тұйық жүреді. Бұның себебін сұрағанмен ол мандытып ешнәрсе айтпайды да, «жай, әншейін» деген жауаптан әрі аспады. Бір күні жұмыстан шаршап келіп, ұйқыға кірісе бергенімде, ағам мен жеңгемнің әңгімелерін құлағым шалып қалды. Екі үйдің де есігі ашық, тек перде ғана болғандықтан, олардың сөздері анық естіледі. — Келін қайда жүр? — деді Нұржан қоңыр дауыспен. — Мана ертеңгісін төркініне кетті. — Төркініне?! Оны бізге неге айтпайды?