КҮЙЕУ БАЛА

Оның үйленгеніне небәрі жиырма шақты-ақ күн болған еді. Бұдан біраз бұрын келіншегінің төркінінен хат келді. «Жақында барамыз» депті. Әке-шешесі келетін күні Шәкира абыржумен болды. Жұмысқа қолы бармай, істеген ісінің бәрі өнбеді. Жүрегі тайдай тулап, секіре бергісі келеді. Ал, Қамардин оларды қалай қарсы аламын, не деп сөйлеймін деп ұзақты күн уайым жеулі. Ақыры қонақтар да келді. Төркіні келгенде ербиіп екеуміз-ақ күтіп алмайық деп Шәкира өзімен бірге оқитын бір-екі курстас қызын, Қамардин бір жолдасын ертіп келген. Бір кезде сыртқы қақпа шиқ етіп ашылды да, бірнеше адам ішке дабырлай кірді. — Осы ма екен өзі? — Осы, осы. 133-ші үй осы ғой. Ит жоқ па? — Жоқ, жоқ, жүре бер. — Келді, — деді Шәкираның көзі оттай жайнап. — Жүріңдер, шығайық. Қамардиннің алақаны сол сәтте-ақ тершіп сала берді. Тұла бойы шымырлап, демін терең бір алды. Сонан соң Шәкираның артынан асықпай басып сыртқа беттеді. Ол жолдас жігіті екеуі далаға шыққанда, келушілер Шәкираны ортаға алып қалған екен. «Айттым ғой ол жылайды деп. Енді қойдырып көр, — деді Қамардин іштей Шәкира туралы. — ұят болды-ау мына көршілерден. Даусын шығарғаны несі?» Олар Шәкираны айналып-толғанып жатыр. Анасы болар, әнебір ақ жаулықты кәрі кісі орамалының ұшымен көзін сүртіп, өксіп-өксіп жылайды. Екі-үш кішкене бала бұлардың сыртында аңтарылып тұр. Қамардин өзін жалғыз қалғандай сезінді. Мына жұрт бұны көзіне де ілмейтін сияқты. Дәл осы кезде көп кісінің ішінен ашық дауысты, саңқылдаған бір келіншек суырылып шығып, бұған қарай жүрді. — Ай, ойбүй-ау, мына тұрған күйеу баламыз ба? Қарадай үркіп тұр ғой өзі, жақындасаңшы бермен! — деді сақылдай күліп. — Тайлы-тұяғымен қайын-жұртың келіп жатқанда состиып тұрғаның… Мейлі енді, шаңырақтарың құтты болсын! Келіншек Қамардинді емес, оның жолдасының қолын алып, бетінен сүйді. Ол жігіт қолайсызданып қолын тартып алды да: — Жеңгей, күйеу балаңыз мынау тұр, — деді Қамардинді көрсетіп. Қысылғаннан ол да қызарып, маңдайы тершіп шыға келді. — А, не дейді, байғұс-ау, — деді ол шошып кетіп, — Мейлі, құдай сені де осыған жеткізсін, қалқам. Міне, бүгінгінің күйеулері осы, міне. Шырағым-ау, бері келсеңші, бөтен деп өгейсімей-ақ қой, мен Шәкираның туған жеңгесімін! Бізге Шәкира кім, сен кім! Осыдан соң Қамардинмен бәрі де амандасып шықты. Шәкираның әкесі мен анасы мұны өз баласындай аймалап, олар да көздеріне жас алды. «Құдай алдарыңнан жарылқасын, көсегелерің көгерсін, жарқыным» деп кемсеңдеген қарт кісі бетінен сүйгенде, бұған бірнеше жыл бұрын дүние салған өз анасы есіне түсіп, Қамардиннің де көңілі босап кетті… Қонақтар әлі жайғаса алмай, шаң-шұң сөйлеп жатыр. Біреу бір нәрсе айтса, екіншісі мүлде басқаны айтады. Енді бірі жолдың ауырлығынан қажып, төр алдында көсіліп

Pages: 1 2 3 4 5