рет келген қара жігіт емес пе? — Иә, иә, тап өзі. Мені алғаш Володькамен таныстырған сол. О, сен онымен сырласып көрсең! Романтик! Жаны қандай таза! «Володька, Қазбек, Сережка… тағы-тағылар, — деді Әшірәп бөлме ішінде екі қолын артына ұстаған бойы әрлі-берлі жүріп. — Осының-ақ дос болмайтыны жоқ. Романтик деуін қарашы. Не ол романтик деген? Өстіп жүріп бір күні…» Осыдан бір айдай бұрын Есенжол кеш оралды. Ояу отырған әкесін көріп, кірген бетте босаға жанында тұрып қалды. Әшірәп ұлына жақындап кеп, оның үстінен әтір мен опаның жұпар иісін сезді: — Екіншілей, мұныңды қайталайтын болсаң, менен жақсылық күтпе! Түнде қыдырушы болма! — деді ол. — Папа… мен… жас емеспін ғой, — деді Есенжол күңк етіп. — Ә, жас емессің! Сонан соң екен ғой түнде қыдыратының. Жетті, бар, ұйықта! Содан бері Есенжолдың бейсауат жүргенін көрген емес еді. Екі-үш күн болды, тағы кеш келетінді шығарды. Институтқа түскені де сылтау. «Өткен жолы түнде үйге қонбады. «Жолдас» деген сөзді тауып алыпты. Аузынан тастамайтынын қайтерсің. Жолдастың қадірін білетін кезі болды ма екен десейші өзінің! Енді, міне, шошаңдап лента іріктеп жатыр. Әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ, тыңға барған соң селтеңдеп бір билемек қой сабаздарың», — деп ойлады Әшірәп. Ол ұлының жолдастарын бір-екі рет көргені болмаса, жақсы біле бермейтін. Анада, өзі мақтап отырған Қазбегін көргенде бет әлпетінің, сөзінің балаңдығына қарап: «Ойбүй, жігітпіз деп қояды-ау бұлар да», – деп көңілі толмай қалған. Сонан соң олармен көп сөйлесе бермей, өз бөлмесіне кетіп қалған еді… — Папа, — деді бір кезде ұлы әлдене туралы өтінетіндігін даусымен-ақ сездіріп. — Не демексің? — Мені… маған бүгінге… рұқсат бересің бе? — Қайда бармақсың? — Ертең жүреміз ғой. Біраз жолдастар Володьканың үйінде… — Тағы да Володька, — деді әкесі теріс айналып. — Әнебір боксерсымақтарың ғой дардай ғып жүргендерің. — Боксерсымақ емес, нағыз боксер. Ол мастерлікке кандидат. — Оһ! Мастерлікке кандидат де! Иә, онда не бар? — Онда… жолдастар… жиналмақшы едік. — Ә, міне, мәселе қайда жатыр! Ішеміз дейсіңдер ғой қылқылдатып. Солай ма? Есенжол үндемеді. Мектеп оқушысындай басын салбыратып тұра берді. — Үндемейсің. Демек бәрі де түсінікті. Сен оны қой. Одан да жақсылап дем ал. Кетер алдында адам өз үйінде болғаны дұрыс. Әлде, менің қасымда болғың келмей ме? — Мәселе онда емес… — Вот именно, мәселе сонда! Бармайсың! Екеуміз үйде боламыз, әңгімелесеміз. Сен заттарыңды жинастыр. Ертең асығыс боп, киімдеріңді ұмыт қалдырасың, — деді Әшірәп мейірлене сөйлеп. Сонымен Есенжол жіпсіз байланып үйде қалды. Әшірәп ұлына керекті заттардың бәрін өз қолымен рюкзакқа салып, тап-тұйнақтай етіп қойды. Магнитофонды ақ кенеппен