АҚЛИМА

Ақлима өзін өжет, айтқанынан қайтпайтын бірбеткей әйелмін деп санайтын-ды. Оның өжеттігінің де, бірбеткейлігінің де бары рас. Мұның үстіне сымбаттылығы мен көріктілігі кеп қосылғанда, өзгелерден өзін көш ілгері шығармын деп санайтын жас келіншек бойын тартқан сымдай тік ұстап, тәкаппарланып жүретін. Осы қасиетінің арқасында ол құрбыларымен де, тіпті күйеуі Сопытаймен де жиі түс шайысып қала беретін. «Әдірем қал-ау, — деді бір күні дүкенде кезекке таласып қалғанда Хатшайым. — Неменеме шалқақтайсың сонша. Нең артық бізден! Момын байыңның табысына мастанып жүрсің ғой. Сонда да бізден асып бара жатқан ештеңең жоқ!» Бұдан бірнеше күн бұрын екеуі құдық басында да қақтығысып қалған. Хатшайым суғара салмақ болып есегін жетектей келіпті. Ындыны кеуіп тұрса керек, онысы ыңқ-ыңқ етіп, ішін тартып, танауын гу еткізіп Ақлиманың шелегін иіскеді. — Әй, тартсаңшы мына арам қатқырыңды, жер дүниені арамдап бітті ғой, — деді шыдай алмаған Ақлима. — Ештеңе етпес, бір ұрттам сумен шая саларсың, — деді анау да, — менің есегімнің жұқпалы ауруы жоқ. — Әй, қатын, байқап сөйле. Арам қатқырыңды арықтан суғара салсаң тұмау тиіп қалар деп пе ең? Екеуі сөзбен сілкілесіп, біраз жерге барып қалды. Ақыры бірін-бірі жеңісе алмай тарады. Екеуінің де ішінде айтылмай көп сөз қалып қойған сияқты. Сонан кейін дүкен ішінде жолықты. Хатшайым бетің бар, жүзің бар демей, топ адамның ішінде ойындағысын ақтарып салды. Ақлима жақындап қалған кезегін тастап, дүкеннен сытыла шықты. Ызаға булығып, жарылғалы келе жатыр. Үйіне жеткен соң бар ашуын күйеуінен алды. «Момынсың, ынжықсың! Сен беделді болсаң, әлгі әйелдер маған осылай деп айтар ма еді?» деп күйіп-пісті. Сопытай қашанғы мінезіне басып, оның сөздерін үнсіз тыңдап отыра берді: «Әні, үндемейді. Етінен ет кесіп жатсаң да бұған бәрібір» деп шыж-быж болды. — Байғұс-ау, не істе дейсің маған? Енді әйелдермен менің ұрсысуым қалды ма? — дейді ол алақанын жайып. — Директордың әйеліне осы совхозда кім қарсы сөйлей алады? Тіпті ана бір жаман оправләйіштің әйелін көрші. Оған да жұрт «сіз, сіз» деп сызылып тұрады. Ал маған сенің, бүғалтірдің әйеліне… — Е, өзінңен көр оны. Олардың әйелі жұртпен сыйласа білетін шығар. — Ойпырмай, ә! Сонда мен сыйласа білмейді екенмін ғой. Сопытай бөлмесіне барып, ештеңе болмағандай шық-шық еткізіп есепшотын қағып отыра берді. Бұдан кейін құлағының түбінен мылтық атсаң да өзіңе қарата алмайсың. Ақлима оның қасына келіп айғайлап-айғайлап, түк өндіре алмаған соң булыға жылап, төсегіне құлай кетті. Алғашында бәрі де осылай өкпе-ренішпен аяқталып жүрді. Ертеңіне қайта татуласып, тыныш өмірге қайта кіріседі. Сопытай үшін татуласты деп айтудың өзі қиын. Оның ашуланып жүргенін де, жадырап жүргенін де ажырата алмайсың. Бір күні Сопытай үйге кеңкілдеп күле

Pages: 1 2 3 4 5 6