ғой. Сол. — Жарайды, жарайды. Бара бер, мен қазір… –Шәкира қайта кіріп кетті. Сәлден соң-ақ Шәкира көрсеткен әлгі бала далаға шықты. «Мұны жіберген Шәкира ғой, — деп ойлады Қамардин. — Көрейік, қалай сөйлесер екенбіз». — Оу, сен неге шықтың, — деді Қамардин көңілсіздікті осы үнмен сілкіп тастамақ болғандай дауысын көтере сөйлеп. — Әшейін. — Сені кім жіберді? — Әпкем жібейді. «Р-ға тілі келмейді екен ғой, — деді Қамардин тағы да өзіне-өзі. — Әрине, әлі жас қой». — Атың кім? — Сайлау. — О, жақсы екен, кімнің баласысың? — Атамның. — Атаңның аты кім? — Ейбосын. — Дұрыс, дұрыс. Ой, айналайын. — Қамардин оның арқасынан қақты. «Жоқ, түк те шықпайды», – деді ол іштей. – Қандай салқын айтыла салған сөз. «Айналайын». Ешқандай да жылу жоқ. Оның үстіне мен бұл баланың түрі қандай екенін де білмеймін ғой. Сөйте тұрып, мен оны жақсы көрмекпін. Жақсы көруге тиіс сияқтымын. Ой, қандай қиын. Тек бұл бала емес, мен анау іште отырған барлық адамдарды жақсы көруім керек, сыйлауым керек. Егер автобуста кездесе қалса, «арырақ отырыңызшы» дейтін мүлде таныс емес жандарға енді көре қалған жерде бұрылып келіп сәлем беруім керек, өзінің денсаулығын, үй ішінің амандығын, кішкене балаларының халін сұрауым керек. Тіпті сол балалардың атын тегіс білуге және бұлардың да ағайын-туысқандарының бәрін тануға тиіспін! Шым-шытырық неткен дүние бұл!» Ол темекісін лақтырып жіберді. Сөнбеген шоқ ағаш бұтақтарына соқтығысып, майда ұшқындар жан-жаққа шашырады. Ол аула ішінде сандалып біраз жүрген соң, үйге қайтадан беттеді. Қамардин бөлмеде толып отырған адамдарды тағы еске алды. «Әрине, олар дабырласып отыр. Араларында менің жоқ екенімді естеріне де алмайтын шығар. Әне бір жеңгей… ашық жарқын ба, қалай өзі? Келе сала ақтарылып жүре берді ғой. Бірақ «жезде» дегені құлаққа қалай түрпідей тиетін еді… «Қария болса жоқ екен» деп те тастады-ау өзі. Қандай қатал сөйлейді. Менің әке-шешемнің жоқ екенін тап басып тұрғандай. Тағы кімдер еді? Оның ар жағында отырған… Иә, күйеуі, стол жанында қол қусырып отырғаны — Шәрипаның ағасы, онан әрілеу — әкесі, шешесі, тағы бір-екі ағайындары. Бала-шағалары». Ол үйдегілердің есімдерін еске түсіріп көрді. Ойында бірде-бірі қалмапты. «Масқара-ай, енді не істемекпін? Әлде Шәрипадан сұраймын ба?» Қамардин ақырын басып есікке таянды. Үй қапырық болып кетсе керек, олар терезені ашып тастапты. Іштен дабырлаған дауыстар естіліп тұр. Ол терезе алдына жақындады. Үйден ыстық леп еседі. «Қарашы, бәрі де көңілді отыр, мен бармын ба, жоқпын ба, оны елеп жатқан ешкім жоқ, — деді ол әлгі ойды тағы қайталап. — Бірін де танымаймын. Бәрі де бөтен. Оларға бәрібір. Егер Шәкираға басқа біреу үйленсе де