бұлар сол жігіттің үйіне дәл осылайша барып отырар еді ғой». Ол ішке кірейін деп ойлады. Бірақ шырмалып қалғандай аяғы алға жылжыр емес. — Әй, арырақ отыршы, күйіп кеттік қой, жүдә, — деген Танакүлдің даусы естілді. — Бір кеңірек үй тапса қайтетін еді. Келім-кетім кісі бар. Қамардиннің жүрегі дір ете қалды. «Осылай айтатынын біліп едім, біліп едім бұлардың. «Сыншы» емес деп еді, бұдан артық қандай сыншы керек?» — Келін шырақ, — деді бір салмақты үн. — Олай деп керегі не? Ер жігіт аман болса, бәрі де алда емес пе? Ойнап айтса да ойындағысын айтады деген бар, естіп қалса, ұят қой. Келіп отырғанымыз өз баламыздың үйі екен, оны несіне сынаймыз. Есік алдында тұрған Қамардиннің жүрегі жылып сала берді. «Бұл кім екен? Шәкираның әкесі ғой, қандай жақсы кісі еді». — Шынында, тар десе дегендей-ақ екен. Ыдыс-аяқтары және жетіспейді, — деген Шәкираның ағасының дауысы естілді. — Ертең қаланы аралап, үйге керектің бәрін мына Танакүл екеуміз алып келейік. Жаңа үйленген жас бала қайдан төрт жағы сай бола қалсын. — Қайдан төрт жағы сай бола қалсын?! Үйдегі көрпе-жастық пен ана түс кілемді ала келейік дегенімде өзің ғой «керегі жоқ, керегі жоқ. Қажет боп бара жатса, сол жақтан-ақ аламыз» деп бой бермеген. Енді келіп… «Мына сөйлеп отырған әлгі жеңгей ме? Бұл қалай? Әлгінде ғана бізді кінәлап отыр еді, енді егіле сөйлеп отыр? Қалай түсінуге болады өзін, қызық-ау». — Бізге осының өзі де қуаныш қой. Бұған да шүкір, — деді Шәкираның анасы сөзге араласып. — Бала болса әлі жас. Күйеуі демей-ақ қояйықшы, өзіміздің бала ғой ол да. Келген сайын көсіліп, аунап-қунап кеткенге мәз болмай, қолдарыңның ұшын беріңдер түге. Бәрің де өстіп үй болғансыңдар. — Иә, иә, — деді Шәкираның әкесі. — Ауылға барған соң біраз қаражат жиып, үй сатып әперейік. Ақша жетпесе, сен, — деді ол Шәкираның ағасына, — ана екі сиырыңның біреуін сат. Ана ауылда қалған Сыпабай да қарап қалмас, қол сілтер. «Москвич» алам, «Москвич» алам деп елпеңдеп жүр ғой. Бір жылдан соң-ақ алар. — Е, әрине, әрине. Биыл алмаса ендігі жылы алар. Сөйтіп-сөйтіп көмек беріп, аяғынан қаз тұрғызып жіберсек, екі бала өзімен-өзі боп кетеді ғой… Үйдегілер осы жөнінде қызу әңгімелесіп жатыр. Тіпті дауыс көтеріп, айқайласып та алады. Бұл жерде көп тұра беруді қолайсыз көріп, Қамардин кейін шегінді. «Апыр-ау, мына кісілердің шыны ма, сөздері қалай жылы? Бірақ маған ондай қамқорлықтың керегі жоқ қой. Әйтсе де мені өз балаларындай санайды-ау!» Оның жүрегіне біртүрлі жылылық енгендей болды. Жаны жадырап, бойы сергіп қалды. Дәл осы кезде Қамардин анау іште отырғандардың