БЕЙТАНЫСТАР

Сәскеде жауған қардың аяғы енді жаңбырға айналды. Жердің миы шығып, қара жол қамырдай иленіп жатыр. Қыс ортасы болса да Қаратау өңірінің кей жылдары осылайша мың құбылып, қай жағына ауарын білмей өзінің де, шаруаның да мазасын алып, ығырыңды шығарып бітетін кездері жиі кездесіп тұрады. Мұндай сәттерде кім-кім де болса жолға шыққанды жаны қаламас еді. Бірақ, «таң атпайын десе де күн қоймайды» дегендей, бітпей жатқан тіршілік бұл адамды үйде тыныш отырғызып қойған ба? Әне, анау құба жонның басындағы ирелеңдеген сазды жолмен бір машина бірде шұқырға түсіп, бірде шалшықтарды шашыратып, ышқына жүріп бара жатыр. Төрт қырлы доңғалақ салғандай, біркелкі жүрісінен секеңдеуі көп. Тоқтап та қалмайды. Ызалана, өжеттене «тағдырдың бұйыртпағанын тартып алып» алға ентелей түседі. Кабинада отырған жігіт те қалжыраған секілді, мына жол жүйкесін қажытып та біткен болар. Ауыл әлдеқашан артта қалды. Бұйыртса, бірер сағаттан соң Арысқа да жетеді. Тек сазы шыққан мына жол ғой немесе әлдеқашан қалаға да жетіп, осы күні кері қайтуға да әрекет жасап қалар ма еді? Қиясбек совхоздан түсте шыққан. Содан бері аттай үш сағат болды. Рульмен сілкілесіп әлі келе жатыр. Кеше гараж меңгерушісі машина бөлшектерін алу үшін поезбен Арысқа кеткен. Бүгін ертелетіп, кеңсеге телефон соғыпты. «Бір еті тірі шоферді тездетіп жіберіңдер, алған нәрселерді тиеп қайтамыз. Мен қалалық қоймада күтіп отырамын» дегенді айтқан көрінеді. Совхоздағы «еті тірі шоферлердің бірі» болып Қиясбек келе жатыр міне! Бір кезде машина Аршабай ойпаңына түсті. Бұл жердің жолы құмдауыт, жаныңды қинамайды. Енді біраз жол ұтып қалуға болады. Жаңбыр әлі себелеп тұр. Күн кешке айналған соң ба әуе суытып, әрәдік-әрәдік бұршақ түсе бастады. Осы кезде Қиясбек Аршабай қойнауының түкпір жағынан қараңдаған әлденені көріп қалғандай болды. Мал ма, адам ба, соны ажыратпақ боп жас жігіт машина әйнегін кепкасымен сүртіп-сүртіп жіберіп, алға тесіле қарады. Сонда да қарайған нәрсе анық көрінбеді. Сонан соң Қиясбек жанама терезені ашып жіберіп, бой созып қарағанда әлгі қарайғанның әйел екенін аңғарды. Қолында көтерген әлденесі бар ма, қалай? Қиясбек мына көрініске таң қалды. «Япыр-ау, елсіз-құзсыз айдалада жүрген қандай жан бұл? Ауа райы болса мынау, күн кешкіріп бара жатыр. Оның үстіне күн батқанша ол жете қоятын жуық арада ауыл да жоқ қой. Тіпті, көлікпен шығуға жүрексінетін мынадай беймезгіл шақта оның жалғыз өзі жүргені несі?!» Қиясбек газды аямай басып, әлгі жүргіншінің қасына таяп келгенде барып ол әлгі әйелдің қолындағы құндақтаулы баласын көріп, өн бойы тітіркеніп кетті. Машинасын кілт тоқтатып, кабинадан атып шықты да: — Апа, тоқтаңыз, қайда барасыз? — деді. — Япырмай, мынадай суық күнде бала көтеріп, жалғыз шыққаныңыз не бұл! Әйел — жасы елу бес, алпыстарға

Pages: 1 2 3 4 5