кірді. Тіпті сонау даладан күліп келді. Екі көзінен жас ағып, екі иіні селк-селк етеді. — Әй, не болды сонша? — деді Ақлима оған таңдана қарап. — Мына… мынаны қарашы, — деді ол қолындағы бір жапырақ қағазды көрсетіп. — Саған… ауылдың балалары өлең шығарыпты. Әй, әй қулар-ай, таппайтындары жоқ-ау! Ақлима оның қолындағы қағазды жұлып алып тез оқып шықты. Өлең бір-ақ шумақ екен. «Ақлима ақшиған, Сопыға қарап бақшиған. Ұрыс десе тіресіп Кешке дейін қақшиған». — Қайдан алдың мұны? — деді ашу қысып дір-дір еткен Ақлима. — Жаңа, көшеде бір балалар айтып жүр екен. Тоқтатып, солардан жазып алдым. Ой, қызық-ай, дәл тапқан! Дауа жоқ оларға. — Өзім жазып алдым де! Келістірген екенсің. Неменеге мәз боласың? Әйеліңнің ел-жұртқа масқара болғанына ма? Сопытай әйелінің көзі шатынап, еріндері дір-дір етіп тұрғанын көріп күлкісін тыя қойды. Әйелі бұл жолы жылаған жоқ, бірақ, үй ішін астан-кестең қылды. Соның нәтижесінде екі кесе мен бір ағаш шөміш ертеңіне үй артындағы күлге тасталды. Ол екі айлық баласын да емізбей, сазарып жатты да қойды. Ал Сопытай өз бөлмесінің есігін жауып алған, есепшоттың шық-шық еткен дыбысы ғана естіледі. Ақлима орнынан ұшып тұрып, күйеуінің бөлмесіне жетіп келді. — Бейшара есепші! — деді Сопытайдың шотын жұлып алып. — Намыссыз, жігерсіз! — Тұра тұр, тұра тұр, — деді ол есепшотқа қолын созып. — Імм… Сегіз жүз жетпіс сом,ә. Қызық! Жүз сомы қайда мұның? Бере тұршы, қайта есептейін. — Сопытайдың мұндай қаннен-қаперсіздігі Ақлиманың ызасын қайнатты. — Жетті! Мен тұрмаймын бұл жерде, кетемін, — деді тұлан тұтып. — Қайда? Қой, бұл үйден қандай қорлық көрдің? Ақлима ішкі үйге жүгіре кірді. Баласы жылап жатыр екен. Бесікті аудара тербетті. Іші от боп жанып барады. «Момын, ынжық, намыссыз», — деп күбірлей береді. …Ақлима о баста Сопытайдың осы момындығын ұнатқан. Не айтсаң да ыржиып күліп отыра береді. Жер қозғалса да қозғалмайды. Ақлима оның осы мінезін біліп, ойына келгенін істейтін. Терең арықтан шешінбестен арқалап өтші десе, анау ойланбастан Ақлиманы арқалап алып суға қойып кететін. Арғы бетке өткен соң «ерлігіне» мәз болып жылқы тістерін көрсете күлуші еді. Олардың алғаш танысқандары да қызық. Орманбектің кенже қызы ұзатылған тойға екеуі де барған. Сол жерде жастар таң атқанша «дос-қас» ойынын ойнады. Жігіт я қыз отырған жастардың ішінен өзіне ұнағанды таңдауына еркі бар. Осындай кезде Сопытай бұйра бас жігіттің қасында отырған Ақлиманы қайта-қайта сұрап қоймады. Ол «бермеймін» десе, қыз «бармаймын» деді. Ақырында Сопытайдың жылпостау жолдасы Темірбек әлгі жігіттің қасына барып отырды да, әлденелерді айтып, сәлден соң-ақ күлкіге көмді. Үшеуі ет жеді, арақ алдырып іше бастады. Жарты сағаттан кейін-ақ