бұйра бас жігіт қылжалақтап мас боп қалды. Сол кезде Темірбек Сопытайға ым қақты. Бұйра бастың мастығын пайдаланып, Ақлиманы Сопытай шақырды. Ақлима үнсіз көтеріліп, тәкаппар басып Сопытайдың қасына кеп отырды. Оның қыз баласына мұншалықты жақын отырғаны тұңғыш рет еді. Бір кезде білегіне білегі тиіп кетті, жұп-жұмсақ, ып-ыстық. Сопытайдың тынысы бітіп қалды. Көзін жұмды. Көз алдына қызылды-жасылды оттар елестеді. Көзін қайта ашып, терең бір күрсінді. Әлдене дегелі Темірбекке қарағанда, ол орнында жоқ екен. Әлгі бұйра бас жігіт те көрінбейді. — Ақыры, келдіңіз ғой, — деді әлден уақыттан соң ол қызға. Қыз бұған көзінің қиығымен қарады да, немқұрайды қалып сақтап отыра берді. Екеуінде де үн жоқ. Әлден уақытта Темірбек пен әлгі жігіт кірді. Ол Ақлимаға көңіл аудармай, басқа қыздың қасына барып отырды. Темірбек сол тойда бұл екеуін жақсылап таныстырып жіберді. Қызға мұның күлімсіреп отыра беретін мінезі де ұнап қалды. Арада үш-төрт күн өткен соң олар үйленіп те үлгерді. — Сенің бұл мінезіңнің ынжықтық екенін білсем ғой… Нем бар… — деп өкінеді қазір Ақлима. Сопытай бұл сөзге де ашуланбайды. «Ештеңе емес, үйреніп кетесің» дейді жай ғана. Ақлима Сопытайдың мұндай мінезіне төзе алмады. Оның ештеңеге көңіл бөлмейтіндігі, тым жуастығы жас келіншектің жанын жегідей жеді. — Айтшы, мен саған күңмін бе осы? Үйде бармын ба, жоқпын ба, онымен неге бір ісің болмайды? — деді жастықтан басын жұлып алып. —Неге болмайды, болады. — Мені бір барар жері жоқ қу жетім деп ойлайсың ба? Кетемін. Бүйтіп дозақта өмір сүргенше, күйеусіз өткенім жақсы. Төркініме кетемін. — Жақында ғана барып келген жоқсың ба? Қайта-қайта бара бергенің ұят қой. — Түйсіксіз! — деп айқайлап жіберді Ақлима. — Саған есепшоттан басқаның керегі жоқ. Құдай-ай, неткен жансың!.. — Немене, енді маған оны таста деймісің? Екінші бұлай сөйлегеніңді естімейін. Ол –менің өмірлік кәсібім, міндетім. Оны менен ешқашан ешкім ажырата алмақ емес! Сопытайдың ашуы келді. — Онда өзің біл. Мен бұл үйде тұра алмаймын. Біржолата кетемін! — Түу, қойшы, ұйықтайық, қай-қайдағыны айтады екенсің. Таңертең ерте тұрып Арысқа кетуім керек. Тынышталшы енді. Әне, баланы ояттың! Ол теріс айналып жатып алды. Сәлден соң пырылдап ұйқыға кетті. Ақлима ызаға булығып, жарыла жаздады. Оған айтар сөзі де таусылды. Ертеңіне асығыс жиналып, баласын құндақтап алды да, көрші ауылдағы төркініне тартып кетті. Ақлима осыдан бір-екі ай бұрын ғана төркініне келіп кеткен-ді. Көп сағындыра қоймай тағы келгеніне алғашқыда ата-анасы қуанып қалса да, қыздарының жүзіндегі кірбіңді көріп, мән-жайды сұрады. Ақлима түгін қалдырмай айтып берді. Ара-арасында жылап та алды. «Бармаймын, керегі жоқ» — деді ол орамалымен көзін сүрте отырып: Ата-анасы ауыр күрсінді де: —