АҚЛИМА

Қой, қайтып бар, ұялсаң өзіміз апарып жарастырып қайтайық. Құдай берген мінезі шығар, несіне қапа боласың. Бірің әке, бірің шеше боп отырғанда бұларың жараспас, — деп ақыл айтты. Мұның бәріне Ақлима құлақ аспады. «Немене, енді сендер де қуайын дедіңдер ме?» деп, олардың өздеріне шүйілді. Кешке тракторшы ағасы келді. Қарындасының күйеуімен ұрысып келгенін естіп: — Не, ол ұрды ма? — деді. — Жоқ. — Онда неге ажырасасың? Ақлимада үн жоқ. Ол төркінінде тұра берді. Он шақты күн өткен соң машинамен Сопытай жетті. Қабағы сәл түнеріңкі. Бұрынғыдай күлмейді де. Кешке қарай біраз көршілер жиналып, кіші-гірім мәжіліс құрылды. Бәрі: «Қой, тентек болма. Осы машинадан қалмай үйіңе бар. Ажырасуға ешқандай себеп жоқ» дегенді айтты. — Е, әрине, әрине, — деді осы тұста Сопытай бас шұлғып. Ақлима оған көзінің астымен қарады. Ол үлкен тоқпан жілікті азу тіске салып қойып, жайбарақат кеміріп отыр екен. «Түу, саған дауа болмас» деді Ақлима ішінен. Ақлима далаға шыққан кезде Сопытай да бірге шықты. «Бол, кетейік. Шофер күтіп қалды, киін», — деді сыбырлап. — Шофер күтіп қалды, — деді Ақлима кекетіп, — әуелі менің барар-бармасымды сұрамайсың ба? Бармаймын. …Сопытай түн ортасы ауа қайтты. Арада екі айдай уақыт өтті. Күн өткен сайын жас келіншектің алдында өзі ешқашан күтпеген оқиғалардың пердесі ашыла берді. Алғашында Ақлима үй-ішіндегілердің бәрімен жарастықты тұрды. Оның күйеуден шығып келгендігін ешқайсысы сездірмеді. Келе-келе үй-іші күйбеңіне байланысты жеңгесімен жиі-жиі түс шайысып қалатын болды. Олардың күңкілі әзірге сыртқа шыға қоймады. Іштей арбасып, бірін-бірі сыйлаудан қалды. Үйде ешкім жоқ кезде олар кәдімгідей-ақ сілкілесіп қап жүрді. Осындай бір күні жеңгесі: «Жақсы болсаң, байыңа сыймас па ең? Осы мінезіңнен тауып жүрсің бәрін де» деп салды. Ақлиманың жанына бұл сөз қатты батып, үні шықпай, сол орнында қалшиып тұрды да қалды. Тұла бойы дірілдеп, денесі мұздап кетті. Жер төсекке етпетінен жатты да солқылдап ұзақ жылады. Сол кезде ағасы Серімбет кіріп кедді. Болған оқиға жайлы Ақлима тіс жарғысы келмесе де, жеңгесінің өзі жайып салды. — Өзінен-өзі қарап жүріп долданып… — Өзі! Сен қарап жүрсең, бұл барып тиіскен шығар. Барлық бәле сенде. Болды енді, қысқарт! – деп ақырып қалды. Ол әлдене деп дау айтқалы келе жатқан әйеліне: — Екінші осындайыңды көрсем, менен жақсылық күтпе Ақлима, тұр, тұра ғой, айналайын. Ақымақпен ақымақ боп қайтесің, жылама. Ақлима басын көтерді. Ағасына да, жеңгесіне де қарай алмады. Бет-аузы ісіп кеткен. Іші шоқ түскендей әлем-жәлем. Осы оқиғадан соң олар бір-біріне қарап сөйлеуді қойды. Күйеуінен жасқанды ма, жеңгесі ләм демейді. Бірақ өзін іштей жек көріп жүргенін Ақлима жақсы білді. Оның әрбір көзқарасы «жексұрын, сен болмасаң біз

Pages: 1 2 3 4 5 6