БІТПЕЙДІ-АУ АРМАН

Ертең оның ұлы келеді, екі жыл бойы көрмеген ұлы! Ол — лейтенант, ол — балғындай жас офицер! Отставкадағы қарт полковник Айтөре Қалимолдиннің көкірегі ерекше бір мақтаныш пен масатқа толып, қуаныштан түні бойы ұйқысы келмей қойды. Жалғыз ұлы Нариманы он сегізде оқуға кеткен еді, қазір жиырма екіде. Алғашқы екі жыл бойы келіп жүрді де, соңғы екі жыл әлдеқалай бір себептермен келе алмаған. Қандай болды екен ол? Қандай офицер болды екен? Полковник ат жақты, ашаң, ұзын бойлы ұлын көзіне елестетуге тырысып кірпіктерін айқастырды. Қараңғылық арасынан Нариманның тұлғасы ап-анық көрінді. Ол кіршіксіз аппақ тістерін көрсете күліп әкесіне әлдене айтып тұр, бірақ үні естілмейді. Айтөре тәтті қиялға шомып, масаттана күлімсіреді. Осыдан төрт жыл бұрын да осы кереует үстінде полковник дәл осылай ойға шомып жатқан. Онда оның ұлы тұңғыш рет алыс сапарға, осыдан мыңдаған шақырым Тамбов әскери училищесіне аттанбақ еді. Қарт полковник баласының әскери мамандық алуын шын жүрегімен қалайтын, бірақ «сен осыны таңда» деп оған ешқашан өз тілегін көлденең тартқан емес. Оның жүрегіне ұялаған бұл арманы ойда жоқта, кенет соққан мұхит желі сияқты күтпеген жерден жарқ ете қалды. Он сегізге жаңа толған ұлын Н. әскери комиссариаты әскери училищеге жіберетін болыпты. Оған ұлы да қарсы емес… Қарт полковниктің ұзақ түнге кірпігі ілінбей қойды. «Нариман ертең жүреді, ертең! Сонан соң оны кезекті бір демалысына дейін көре алмайды, бәлкім училищеде өткізетін төрт жыл бойына да жалғыз ұлы әкесі мен шешесін көруге келе алмас, бәлкім, қарт әке қашан да іштей мақтаныш тұтып, суға түскен кесектей елжірей сүйетін ұлын осы бойы көре алмас, бұл түн – сүйікті ұлымен бірге өткізіп отырған ең соңғы түні шығар?!» Айтөре осы жайлы түнімен ойланған. Бірақ аузына бірде-бір жүрек елжіретер жылы сөз орала қоймады. Міне, поезд жүруге жақындап тұр. Ұлы да әкесінен әлдене күтетін сияқты, жәудіреп қайта-қайта қарап қояды. Ананың аймалауына не жетсін, әйтсе де, әке лебізі бір төбе ғой шіркін. Өн бойынан мың құмырсқа өрмелеп бара жатқандай, Айтөренің тұла бойы шымырлап сала берді. Ығы-жығы перронға салдырлаған кәрі кеудені ғана қалдырып, бүкіл ет бауыры, ыстық жүрегі қамырдан суырылған қыл тәрізді өзіне де байқалмай баласымен бірге аттанып бара жатқан секілді. Перзент дегенді адам баласының, соның ішінде әкелердің осыншалықты жанымен, тәнімен беріле сүйетініне қарт полковниктің қазір ғана көзі жеткен секілді. Ол қасында тұрған ұлының қолынан қалай ұстағанын өзі де сезбей қалды. Сол толқу үстінде Нариманды сәл тысқары алып шығып, дірілдеген мейірімді үнмен сөйлеп кетті. Ол сөздерді Айтөренің өзі емес, сонау ішкі дүниесінің бір түкпірінде әлдеқалай біреу ойлап тауып, түйдек-түйдегімен ақтарып жатқан секілді. —«Әкенің көңілі балада, баланың көңілі

Pages: 1 2 3 4