БЕЙТАНЫСТАР

— Жүре ме? — Жо-оқ. — Қиясбек күле жауап қатты. — Апыл-тапыл басады. Алданыш әйтеуір. — Е-е, шырағым-ай. — Бұл — кемпірдің жаны игі адамға деген шын жүректі жарып шыққан сөзі еді. Дәл осындай сәтте, таныстықтың дәл осындай алғашқы минутында көңіл ризалығын, жақсы адамның жас сәбиіне деген сүйінішін бұдан басқаша етіп жеткізуіне болар ма еді, болмас па еді, ол жағын Қиясбек білген жоқ. Және кемпірдің мейірімді жүрегі жалғандық атаулыдан аулақ, аналық махаббатқа толы екенін осы бір қысқа ғана сөзден аңғарғандай болды. Осы сәттен бастап жас жігіт оған іш тартып, оны алғашқы сәттегісінен де жақсы көріп кетті. «Адаммен адам сөйлескенше» деп халық неге тегін айтсын. Осыдан соң екеуі ашық сөйлесіп кетті. — Үйленгеніне екі жыл болды, — деді кемпір әлден соң. — Тәліпті айтамын да әлгі. Алғашқы кезде екеуі көз қуанардай тату-тәтті өмір сүрді. Бе-еу, құдай-ау, біздің де тілейтініміз сол емес пе? Бірақ, бір жыл өткен соң, не жетпейтінін қайдам, екеуі жиі-жиі түс шайысып қала беретінді шығарды. Жамандап қайтейін, келінімнің іші онша кең адам емес. Сонан соң оларға енші бердік. Қайтеміз, қайда жүрсе де аман болсын. Қайда жүрсе де жарасқылықты тұрмыс құрсын. Сол тілекпен ризалығымызды бердік. Олар бөлініп, Шағырға көшкен күні үйдегі шал байғұс басын көтере алмай жатып қалды. Маған оңай тиіп пе, үш-төрт күн ауырып тұрдым. «Енді бетін көрмейміз» деп едік, баладан безу қайда-аа, көшіп кеткендеріне бір апта толар-толмаста әлгі тентегіміз ыржиып «апа» деп келіп тұр. Шыдай алмайды екенсің тәйірі, шал екеуміз жылап жібердік. Сүйіп жатырмыз, әлгі немемізді. Ол да өзің сияқты мәшине айдайды. Киіміне сіңген май иісі жөргек иісіндей болып кетті ғой сол кезде… — Кемпір көзі жасаурап, мұрнын тартып шыға келді. Еһе, кәрі адамдар баласының бақытынан басқаны тілей ме? — Міне, сөйтіп, алыста болса да аман болсын, тату болсын деп бір құдайдан мың тілеп жүргенде екеуі тағы ұрысып қапты деп естідік. Не жетпейді екен соларға. Мына немеремізді алданыш болсын деп әнеукүні ғана барып, алып қайтқанымызда ойнап-күліп қана отыр еді, сәуірдің күні сияқты лездің арасында нілдей бұзылыпты. Бүгін азанда осы хабарды естіп, солай қарай өкпені ала жүгіріп келе жатқан бетім осы еді, шырағым. Шал боса дімкәс қой, ауырып үйде жатыр. Үйде сиыр да сауылмай қалды. Қария кісі тынышсызданып отыр. Құдіретті дүние қанат берсе, ұшып-ақ кеткелі тұрғаны байқалады. Әлден соң қолындағы немересі де оянып, былдыр-былдыр сөйлей бастады. Енді ол екеуіне де алданыш болып, ұзақ жол біршама қысқара түсті. Ауылға жақындап та қалды. Бір кезде бері қарай созылып жатқан бұралаң жолдың үстінен өздеріне қарсы жүріп келе жатқан әйел көрінді. — Құдай-ау,

Pages: 1 2 3 4 5