мына келе жатқан… тоба-а, менің келінім емес пе! — деді кемпір мойнын соза қарап. — Сол айттым ғой, сол әні. Тоқтатшы, қалқам. Қиясбек тормозды басып қалды. Машина доңғалағы сырғанап барып кілт тоқтай қалды. Осы сәтте кемпір де машинадан тез түсіп, жас әйелдің жанына барды. Енесімен бұл сияқты кенет кездесуді күтпеген болар, ол да жалт қарап, абдырап қалды. …Олар сол орнында ұзақ тұрды. Қиясбек тас лақтырымдай жерден екеуінің не деп сөйлескендерін ести алмаса да, жас әйелдің үнсіз төмен қарап тұрғанымен қария кісінің сусып түскен жаулығына да қарамай, екі қолын сермеп, әлдене жайлы беріле, ашына сөйлеп жатқанынан жас келіншектің төркініне кетіп бара жатқанын білді. Оның жүрегі езілгендей, кабина ішінде әрең шыдап отыр. Өзімен бірге қалған әлгі кемпірдің немересі быртиған балғын саусақтарымен кабина ішіндегі нәрселерді шұқылап ойнап отыр. Өзі кісі жатырқамайтын жайдары бала сияқты. Қиясбек кабинадан кенет атып шығып, баланы қолына алды да, сөйлесіп тұрған екеуіне қарай беттеді. Келе жатқан мұны көріп, олар үнсіз қалды. Ал, жас әйел болса, әлденеге қатты қапаланып тұр, жүзінен реніш ізі байқалады. — Сіз… Мұратты да әкеле жатыр ма едіңіз… — деді ол енесіне қарап. Қария кісі үндемеді. Сонан соң аналық жүрегі бойындағы барлық реніш атаулыны қуып шықты ма, жас әйел қолын созып, баласына жақындады. — Кел, келесің бе, маған? — Жас бала анасын танып, талпынып қоя берді, — Жүріңіздер, күн суық қой, жас бала тоңып қалады, — деді Қиясбек жай ғана. — Апа, жүріңіз, кабинаға, кабинаға. Қария кісі «мен жүргенмен келінім көне ме» дегендей оған қарап бір күрсініп қойды. Соны түсінген Қиясбек: — Қане, сіз бастаңызшы, осындай жақсы баласы бар ана да ренжи ме екен, ол сізге жараспайды, жүріңіз, — деп жас келіншектің қолынан жетектеді. Бөгде адамның іші-бауырына кіріп, елпелектеп тұрғанын көрген соң, ол да ақырын машинаға қарай жылжыды. Арада екі сағаттай өткен соң Қиясбек Арысқа қарай зулап келе жатты. Ол өзінің кешіккендігі, ертең өзіне ұрысатыны жайлы ойлаған жоқ, ойласа да, біраздан соң ойланар, ал қазір жанын рахатқа бөлеп келе жатқан жалғыз ғана нәрсе — бүгінгі қуанышы, — ол кемпір мен Тәліптің, Салиха мен кішкене Мұраттың қуанышы еді. Бәлкім осы бір бейтаныс жігіт қария кісіге ойда жоқта кездеспесе мына жер бетіндегі бір отау тәтті тұрмысымен біржола қош айтысар ма еді, қайтер еді! Аспан ашылып кетіпті. Жол да баяғыдағыдай машинаны сілкілеп, мазаны алмайтын сияқты. Аспанда жұлдыздар да шапырлай қалған. Олар да қуанып тұрған секілді.