Ол кездегі біздің ауыл үшін дүниеде екі-ақ ұлт бар болатын: қазақтар және қазақ еместер. Өзге ұлттар мен ұлыстар жайлы есіте қалса: «е-е, ондай да ел болады екен-ау, бейшаралар-ай, ә» деп алыстағы оларға аяушылықпен қарайтын-ды. Аспан асты, жер үстінде өздерінен басқа ешкім жоқтай сезінетін. Сөйтіп жүрген ауылдың бала тәрбиесінен де білетіні екі-ақ әдіс еді: бірі – боқтау, екіншісі – ұру. Құданың құдіреті, тәрбиенің осы екі әдісімен-ақ бір емес, бірнеше ұрпақ тәрбиеленіп, көбісі ел қатарына қосылып кетті. Шыданның ортаншы баласы Қиясбек те дәл осы тәрбиемен ер жетті. «қырық жыл оқысаң да сенен түк шықпайды», «Мұрныңа май құйса да, адам болмайсың» деп арбакеш әкесі құдайдың құтты күні көзіне шұқып тұрып, оның адам болмайтынын бұлтартпас фактілермен дәлелдеп беретін. Әкесінің осы сөздерінен соң баласы да «шынында, адам болмасам болмайтын шығармын, әкем де босқа айта бермейді ғой» деп өз болашағынан біржола күдер үзіп тынған-ды. Сөйтіп, болашағы жоқ Қиясбек болашағы жоқ өзге балалармен араласпай, бұйығы, тұйық, мың сұраққа бір жауап беретін оқшау мінез тауып, өз ойы өзінде, булығып ер жетті. Ол мектептен келген бойда тиіп-қашып тамақ ішкен болады да, сабағын қарауға отырады. Кітапқа қанша үңілгенмен, бәрібір түбі адам болмайтыны есіне түсіп, өмірі бітпейтін үй шаруасына кіріседі. Қыс болса – қора тазалайды, құдықтан екі-үш мәрте әкпішпен су тасиды, отын бұтайды, қар күрейді, ондық шамға кірәсін құйып, сәкәласын тазалайды, ал, жаз болса – есек арбамен қазақ арықтан бөшкемен су тасиды, кешкілік аңыздан болдырып қайтқан төрт-бес уақ мал мен екі сиырдың алдына салатын көк шөп орып әкеледі. Ертең ерте малды өріске айдап салысымен қойдың қиы мен сиырдың жапасын есік алдындағы шұңқырға әкеп төгеді де, балағын түріп жіберіп, теппе жасау үшін аяғымен тез-тез илеп тастап, жуынып келуге арыққа қарай жүгіре жөнеледі. Жаздың аты жаз ғой, күн қаншама бұлыңғыр болса да адырлы дала таң бозына іліккенше бозамық тартып тұрады. Қараша туып, жел жұлқылаған бұлттар жырым-жырым боп, аннан-мыннан жиналып, ауыл үстін саңылау қалдырмай тұтас торлағанда күн батар-батпастан-ақ дүниені қара түнек басады. Қараңғы ауыл… Түрт те қаш қам қараңғылыққа әлінше қарсылық көрсеткендей ауыл үйдің терезелерінен май шамның жуас та әлжуаз сәулесі әр жер-әр жерден немқұрайды, енжар жылтырайды. Алып қараңғылықты әлжуаз сәулесімен бәрібір жеңе алмайтынына көзі жетіп, сәлден соң ол жарықтар да сөнеді. Бұл жерді адамзат баласы мекендейтінінен белгі беріп, түннің бір уағына дейін ауыл иттерінің керенау, самарқау үрген үндері естіліп тұрады да, сәлден соң олар да жым-жырт болады. «Мен келдім, енді не істесең оны істе» дегендей қараңғы, дірмәнсіз ауыл табиғаттың еркіне алаңсыз беріледі. Балалар да ер жетіп, балалармен бірге ауыл да есейіп келе жатты.