далада». Халық бұлай деп бекерге айтпаған, Нариманжан, — деді ол көзілдірігін орамалымен сүртіп. — Елді сағынып езіле берме, ол ер жігітке қас қасиет. Болашағыңды ойла. Әке тек ақыл айтады, ал өмір үйретеді, өмірді тыңда. Өмірдің бір күнгі үйреткені– ақылды әкенің мың өсиетінен артық. Дос таңдай біл. Сені адам қылатын да сол достар. Әке алыста, ал дос қашан да қасыңда. Осы есіңде болсын. Бізді ойлама деп айтпаймын, ойла бірақ уайым қылма. Үйін ойламаған жігіт елін ойламайды, үйін сағынбаған жігіт елін сағына алмайды. Мұны да жадыңнан шығармағайсың. Өмірдің кездесетін басқа ұсақ-түйектерінің бәріне қайтіп бағыт сілтейін, бәрін де ақылмен, парасатпен істерсің, ұлым. Бар, мін вагоныңа, жолың болсын! — деп ол Нариманның маңдайынан иіскеп сүйді де, қош айтысып қала берді. Үйіне келген соң да Айтөренің жаны жай таппады. Нариман бар кезде мына бөлмелердің іші қандай жылы еді, қандай ыстық еді. Қазір оты сөнген тандырдай суып қалыпты. — Болды, жетеді енді, несіне жылай бересің! – деді ол жұбайына жекіп. — Немене, ол майданға аттанып бара жатқан жоқ қой, мақсат қуып бара жатыр. Сүрт жасыңды! — Сөйтті де кеудесінде белгісіз бір құйын ұйтқып барып басылды. Ол ұлының бөлмесіне келіп, терезеден сыртқа ұзақ қарап тұрды. Терезе сыртынан Нариманның сүйкімді тұлғасы пайда бола кетті. Ол қашанғы әдеті бойынша ұяла күліп, әкесіне қарай тура жүгіріп келе жатыр. Айтөре теріс айналып кетті. Ол көзімнен жас шығып кетер деп қорыққан еді. Міне, сол ғасырдай боп көрінген төрт жыл да артта қалып, кемпір мен шал өздерінің айлар бойғы аңсап күткен күндеріне де жетті-ау! Кеше Нариманнан: «Папа, мені ертең күтіңдер. 189-рейс» – деген телеграмма келді. «Папа» деген осы бір төрт-ақ әріпке бар әлемнің қызуы мен қызығы, махаббаты мен рахаты түгел сыйып жатыр еді. Сонымен бірге «папа» деген жалғызауыз сөзде азамат болған ұлының кешегі балалық шағын елестетіп, кеудедегі жүректі ыстық табадағы майдай ерітіп жүре беретін еркелігі мен бал сезімі, балғын үні бар еді. Алыс жолдан бала келе жатқанда ата-ана жаны қайдан байыз тапсын. Төрт бөлменің іші екеуіне тарлық еткен соң көрші-қолаңдарға кіріп, Нариманжандарының бүгін келетіндігін айтып шықты. Қуаныштарына ортақ болып, дастарқан жайған үйдің бірде-біреуінен олар дәм ауыз тимеді, тіпті, тамақтарынан бір ұрттам шай да өтпей қойды. Ақырында ата-ана аэропортқа тартты. Олар келіп таксиден түскенде, 189-рейс Москвадан жаңа ғана шыққан еді. Енді олар табандатқан жеті сағат бойы кеуделері дүрсілге толып ұлдарын күтеді. Дәл қазір жер бетінде екеуінен асқан бақытты жан бар ма еді десеңші! Қарт ата-ананың шортандай тулаған жүректері, самолеттен түсіп келе жатқан ұлдарын көргенде, Нариманға өздерінен бұрын ентелей жөнелді. Бүкіл әлемнің махаббаты мен сезімін