көз жасы мен кеудесіне сыйдырып өз жүрегінің соңынан алға қарай ана ұмтылса, ұлы қуаныштар мен қасіреттердің бәрін сабырмен қарсы алуға әдеттенген әке өзін-өзі тежеп, күлімсірей аяңдап келе жатыр. …Айтөре ес білгелі ешқашан көзіне жас алған емес және бұл дүниеде ер адамның жылағанынан асқан ұят нәрсе жоқ деп түсінетін. Ал қазір, Нариманды ыстық құшағына қысып, маңдайынан, бетінен, көзінен көме сүйіп жатқан сәтте ұлының: «Папа, жыламасаңшы, папа» деген сөзін естіп қалды. «Сонда, бұл қалай, Айтөренің жылап тұрғаны ма? Ол өзін берік-ақ ұстап тұр еді ғой? Көз жасы деген адамның өзіне де бағынбай ұрланып келетін болған-ау. Бұл таңғы шықтай таза махаббаттың белгісі ме екен, әлде, қарғыс атқыр кәріліктің әсері ме?» Айтөре өзіне-өзі келіп, еңсесін көтеріп алды. Ол көзіне жас алғаны үшін өз баласынан ұялды. Арада екі күн өткен соң қарт полковник есік алдындағы сәкіге шалқалай түсіп, жұлдыздары жапырлаған тұнық аспаннан көз алмай отырды. Нариман ба? Ол үйде жоқ, төрт жылдан бері көрмеген жолдастары бүгін кешке келіп алды да кетті. Бала әкенікі емес, солардыкі ғой. Дос сағынышы мен дос қадірін өмірдің ыстық-суығын тәуір-ақ көрген әке жақсы біледі. Айтөре ұлын көзіне тағы елестетті. Нариманжан қандай көрікті жігіт болған? Бұрын арық болған соң ба тым ұзын сияқты еді, қазір толысып, жүзі дөңгелене түсіпті. Жүрген жүрісі, сөйлеген сөзі де өзгеріп, ұстамдылықпен, ақылдылықпен астасып жатыр. Өзіне офицерлік киім қандай жарасатын еді тағы, құйып қойғандай денесіне жабысып тұр. Оның ширақ қимылына қарап, әскери өмір үшін туған дерсің тура. Қарт полковник өзінің алыс жастық шағын еске түсірді. Жоқ, онда Айтөре өмірді бұлай бастамаған еді. Біреуге бұрын күліп, біреуге қырын келетін тағдыр талқысы әке-шешесін қаршадай шағында жұлып әкетіп, жақын-туыс дегеннен жан адамы қалмаған ол Түркістан соғыс округында ұзақ әскери қызметін өтеп болып, отставкаға шыққан соң туған еліне кеткелі жатқан орыс офицеріне тап болып, сонымен бірге ішке кетеді. «Үш күннен соң адам көрге де үйренеді» дегендей жат жерге келген соң сегіз жасар бала өзіне мүлде суық көрінген абыр-сабыр қала өміріне де қалыптасып, әлгі офицердің тікелей қамқорлығымен орысша мектепке түседі. Жыл артынан жыл өтіп, кәмелетке толған соң әскерге алынды да, өз міндетін өтегеннен кейін әскери мамандықты қалаған боз бала жиырма алты жасында орыс армиясының офицері болып шығып, Түркістан соғыс округының Түркістан белімшесіне прапорщик етіп жіберілді. Өзінің қамқоршы офицерінің ықпалында болған ол Түркістан дүрбелеңін тұншықтыруға қатысу былай тұрсын, осы уезде совет өкіметін орнатуға да араласты. Содан Отан соғысын да басынан өткізген ол ұзақ жылдар бойы жауапты қызметте болып, елуінші жылдардың аяқ шенінде полковник дәрежесінде отставкаға шықты. Адам өз өмірінің ішінде өз қолымен жасаған нәрсеге