БІТПЕЙДІ-АУ АРМАН

қашан қанағаттанған? Сол сияқты, Айтөре отставкаға шыққанда өзін түк бітірмей, түк тындырмай шыққандай сезінді де жүрді. Сондықтан ба ұлының әскери мамандықты таңдауын барынша қалап жүрді. Және ер адам үшін соғыс өнерін меңгеру басты міндет деп түсінетін Айтөре, ұлы әскери училищеге барамын деп тілек білдірген кеште қуаныштан кірпік ілмеген. Енді бүгін сол арманы орындалған сияқты. Дәл осы Нариман келгенге дейін қарт әке: «Ұлым азамат боп, көкейімдегі арманымның орындалғанын көріп өлсем өкінішім жоқ» дейтін іштей. Жо-жоқ, оның бәрі әшейін ғана сөз екен, қайта, ұл ержеткен сайын ата-ананың өмір сүре бергісі келеді екен. Әке жолын қуып, қиын да алыс жолға аттанған баланың қуанышы бар, күйініші бар, суырылып озар шағы бар, сүрінері тағы бар. Қуанышы мол болса құба-құп, оны адамның өзі-ақ көтереді, өмірдің алғашқы ащы дәмін татып, жаны жабырқағанда балаға қамқоршы ата-ана қажет-ақ-ау. Достың жөні бір бөлек, әкенің жөні бір бөлек. Дос мейірімі қашан да қаталдықпен астасып келеді, ол солай болуы керек те, бірақ әке-шешенің сүйеу болар таза мейірімі мен «құлыным» деген жалғызауыз сөзіне не жетсін. Осы бір сөз «көке» деп жабығып келген баланың көкірегіндегі ащы сезімін сылып тастамай ма, жүрегіне ұялаған мұң атаулыны қуып шығып, жаңа қайрат, тың оймен аяғына қайта мінуге демеу болмай ма? Олардың талай күнгі бұзылған ұйқысы баласына бір сағат тыныштық әкелмей ме, қажет болса қайран ата-ана барлық қуанышы мен шаттығын ұлдарының бір күндік күлкісіне айырбастай салмай ма? Қажет-ау, қажет-ақ-ау оларға әке мен ана! Енді ғой, амандық болса, Нариманжан үйлену керек. Ол кімге үйленеді, оның келіншегі қандай боп келеді. Асыл боп келе ме, тасыр боп келе ме. Сонан соң, құдай-ау, бір шөкім жаман немелері қандай боп өсер екен? Тасыр-тұсыр еткен бұл ақымақтар оларын жөндеп күте ала ма, жоқ, от пен судың арасына азанда тастап, кешке қарай үйге бір-ақ орала ма? Айтөре орнынан атып тұрды. Жүрегі жиі-жиі соғып, алқынып-ақ қалыпты. Қарт полковник кителінің түймесін ағытып, түнгі аспанға тағы қарады. Тау жақтан қоңыр салқын леп соғып, оның жанын рахатқа бөлей түсті. Тап осы сәтте Айтөренің мына кең аспанның астында өмір сүре бергісі, сүре бергісі келді. Енді ол өзі жасамаған нәрсені Нариманжанының қалай жасарын көріп барып көз жұмсам шіркін деп армандады.

Pages: 1 2 3 4