Арыс қаласында төртінші класты бітіріп, жазғы демалысқа шыққан соң, жақын арадағы колхозда тұратын әжем өзімен бірге мені үйіне ертіп келді. Бұл жақ қаладан гөрі маған қызық боп көрінетін. Әжемнің үйінің ішкі төбесінде қарлығаштың ұясы бар еді. Онда сары жағал балапандар қанат байлап, жетіліп келе жатты. Қалада қарлығаштар үйге көп ұя сала бермейтіндіктен болар, мен оларға қызықтап қарай бергім келетін. Әсіресе қарлығаштардың таңертең сайрағандары-ақ рахат! Ұяларының ернеуінде томпиып-томпиып отырып алып, екі қарлығаш екі жерден әндеткенде, әсем үнге бойың балқып, көз жұмып тыңдай бергің келеді. Атам да, әжем де «ой, жарықтықтар-ай», деп оларға сүйсіне қарайтын. Бір күні, осы ауылдағы Оспан деген баламен балапан аулауға шықтық. Ағаш басындағы, қираған тамдағы ұяларды бұзып, қанат қатуға жарағандарын жинап жүрміз. Жинағанда бір ыдысқа емес, Оспан олардың бәрін тыпыр-тыпыр еткізіп, көйлегінің ішіне салып жүр. Балапан аулауды үйреткен де осы жаңа танысым Оспан. Алғашында оның қылығынан жиреніп, денем тітіркенсе де бірте-бірте етім үйрене бастады. Оған еріп қызығып кеткендігім сондай, аха-ха-лап жүріп, өзім де ұя бұза бастадым. Олардың бәрін бітірген соң, айдап отырып біздің үйге келдік. Күн шаңқай түс еді. Үй тірлігінен қалжыраған әжем төргі бөлмені қараңғылап, ұйықтап жатыр екен. Екеуміз оны оятып алмайық деп, сыбырласа жүріп, даладан таяқ тауып әкелдік. — Сенің бойың ұзын ғой, мә, сен бұз, — деді Оспан таяқты маған беріп. Мен оны қолыма алып ұяға қарай батыл созсам да, түртіп қалуға жүрегім дауаламады. Қолым дір-дір етіп, қимылсыз тұрып қалдым. — Ей, болсайшы, қорқып тұрсың ба? — деді Оспан мені табалаған дауыспен. — Өйбуй, Тәкен қорқақ, қорқақ!.. Мен оған ызаланып жалт қарадым. — Ә, кімді мазақтап тұрсың. Мен бе қорқақ? — Әрине сен. «Ешнәрседен сескенбеймін» деуші едің, неге дірілдеп барасың! — Мен қорқып емес, балапандарды аяп тұрмын. Оспан екі санын шапалақтап, қарқылдай күлді. — Аяп тұрмын дейсің бе? Ах-а-ах! Аясаң, манағы ұяларды неге бұздың? Атаңнан қорқатыныңды жасырасың ғой, ә!? — Маған олар ұрыспайды. — Ұрыспаса, енді неге тұрсың, болсайшы. Маған да атам ешқашан ұрысқан емес. Мен біраз ойланып тұрдым да, тәуекел деп таяқты ұяға жақындата бастадым. Онымды көрген балапандар ауыздарын ашып, таяққа қарай жапырласа ұмтылды. «Егер, атам мен әжем ұрысса қайтемін, — дедім өзіме-өзім. — Олар маған тағы да ренжиді ғой». «Ұрысса қайтер дейсің, — деді іштегі бір ой. — Не, менің өз үйім жоқ па? Кетемін де қаламын. Қайтып келмеймін. Сонан соң «қарлығашы құрысын. Айналайын, жүре ғой, енді ұрыспаймыз» — деп өздері-ақ жалынады. Мына Оспанға күлкі болғанша, бұза салайыншы». Таяқпен ұяны дүңк еткізіп соғып қалғанымда, қос қарлығаш шыр-шыр етіп, тар бөлмеде жанталасып ұша берді.