Бұл ауылға дүрілдеп трактор келді, гүрілдеп полуторка жетті, ауылдың қисық жолымен қиқалаңдап белесебет жүріп өтті. Қыр басындағы ауыл бірте-бірте ойпаңға түсіп, еңселі үйлер сала бастады, ауыл ортасынан алғаш рет магазин ашылып, арақ та сатылатын болды. Бұған дейін, «үлкен-үлкен қалаларда адамдар арақ ішіп, мас болады екен» деген әңгімені ауыздары ашылып тыңдайтын балалар енді сол мастарды өз көздерімен көруге мүмкіндік алды. Магазин ашылған күннің дәл ертесінде-ақ ауыл ортасынан қақ жарып өтетін арба жолдың шаңын бұрқылдатып үш мас бір-біріне сүйеніп өлең айтып келе жатты. Аспаннан адам түскендей жан-жақтан анталап келген балалар мастардың ешқандай өзгешеліктері жоқ, өздері сияқты екі аяқты адамдар болатынын, және ең бастысы, бұрынғыдай олардың көз көріп, құлақ естімеген әлдекімдер емес, өздерінің көкелері боп шыққандарына қатты қуанды, Екі күннен соң қырдағы ауылдың күллі еркектері ойдағы магазинге құлап, ымырт жабыла шыдан қырдағы ауылға бір арба мас еркекті әкеп, әрқайсысын үйді-үйлеріне түсіріп жатты. Арбадағы мас еркектерді әйелдеріне үлестіріп біткен соң, өзі де әләулайға басып, үйіне көңілді оралды. «Қиясбек! А, Қиясбек!– деп есік алдына кеп тоқтаған бетте айқай салды. – Аттарды шығар, арықтан суарып, ойпаңға тұсап қоя бер!» Баласы үйден жүгіріп шықты. Оның соңынан шұбатылып әйелі және енді жатуға дайындалып, төсек салып жүрген шаштары ебей-себей 8-9 жастағы екі қыз, бірінші класқа енді барған қалқан құлақ, бақыр бас тағы бір бала көрінді. Көкелерінің мас боп келгеніне бәрі мәз боп, жан-жағынан кеу-кеулеп үйге алып кірді. –Мынаның атын колбаса дейді!–деп Шыдан үйге кірген соң жүгерінің собығындай бірдеңені әйелінің қолына ұстата салды. –Көтек! Мұны қайтеміз, байғұс-ау! –Жейсіңдер! –Қайтіп? –Битіп!–Шыдан колбасаны қолына қайта алып, оның қабығын арши бастады. Әйелі, ебей-себей қыздары мен бақыр бас баласы әкелерінің колбасаны қалай аршып жатқанынан көз алмай анталай қарап тұрды. Қабығын аршып болған соң ол аузын толтырып бір тістеп алды да, бұралақтап шайнай бастады. –Жалпы, мұны пышақпен кесіп жеген дұрыс!–деді ол әйелі мен балаларын одан бетер таң қалдырып. Осы кезде ішке Қиясбек кірді. –Көке, күрең аттың қамыт бауы жоқ қой!– деді ол колбасаны қалай жеудің әдісін бала-шағасына үйретіп жатқан әкесіне қарап. –Е, жоқ болса, бір жерде түсіп қалған шығар. Немене, осы үйден жарты құлаш жіп табылмай ма? –Табылады ғой, бірақ… –Не бірақ? –Ол қамыт бауды қайыстан тіліп өзім жасап едім. –Өзің жасасаң, тағы жасарсың. Не, енді менің жонымнан таспа тіліп алайын деп пе ең? Осы балада ес жоқ, әй. Байлай салсаңшы бірдеңемен! Адам болмайды осы! Қиясбек үндемей есікке бұрыла берді. –Әй, жеп кетпейсің бе? Қиясбек «нені?» дегендей бұрылып әкесіне қарады. –Мынадан! –Әкесі баласына қолындағы қабығы аршылған қып-қызыл колбасасын көрсетті. Қиясбек колбасаға бір, әкесіне бір қарады