болжап күпірлікке барғаның қай алжасқаның!–деп есқара шал ашуға сыймай, қолындағы ақ таяғымен қара жерді салып қалды. Өзгелер сияқты Исахан да үйдей бәледен үндемей құтылайын деп еді, көмейге тіреліп тұрған сөз тісті бұзып сыртқа шыққанын өзі де байқамай қалды. –Естуімізше, әлгі колбаса деген пәлені дүние жүзі атамзаманнан бері жеп келе жатқан көрінеді. Алматыдағылар да, Шымкенттегілер де жейді екен. Екі жылдан бері Арыс жей бастапты. Сонда, солардың бәрі тозаққа күйеді де, біздің Молотов колхозының адамдары ғана пейішке бармақ па? Төтесінен қойылған сауал ақсақалдар жағын дағдартып тастады. Бәрібір бұған нақты жауап айта алмайтындарын сезген Есқара мынадай жүзіқара жігітке бас салудан басқа жөні түзу амал таба алмады. – Өзің ғана жанып қоймай, әулетіңмен жанасың тозақта, әулетіңмен, жүзіқара!– деді Есқара буынып бара жатқандай шапанының омырауын ашып. –Тозақты айтып қорқыта бермеңіздерші,–деді жамбастап жатқан Жапсарбай орнынан тұрып. – Осы жүрген жүрісімізде рахатқа батып жүрміз бе? Шешеден шыр етіп туғалы бері азап пен қорлықтан басқаны көргеніміз жоқ. Өміріміз күнде тозақ. Бұ дүниенің тозағына үйренген адам ана дүниенің тозағынан үрке қоймас! Басқа тірлігім оның тұрса, колбаса жегенім үшін отқа түсе қоймаспын. –Иә, деймін-ау, – деп Темірбек сөзге араласты. – Кім не жеді деп құдайдың құтты күні үйді-үйді аралап список жасап жүретіндей періште жарықтық салық жинаушысы Пашат деп пе едіңіздер? О кісілердің жұрттың ішіп-жегенін аңдудан басқа да үлкенірек тірлігі бар шығар. Жақында ауылға шошқа перме салады дейді ғой. –Не дейді! –Молдекеңнің сақалы шошаң ете қалды. –Мен естігенімді айтып отырмын,–деді Темірбек күмілжіп. Мынадай көргенсіздікке қарсы айтар сөз таба алмай Есқараның көмейіне дем кептеліп, ортада отырған молдекеңе қарады. Ол кісі екі тізесіне қолын қойып, жансыз адамдай аспанға қарап, сіресіп қалған екен. –Ел тозды, адам азды! Адамдар әзәзілдің шылауында кетті! Бүгін мынадай, ертеңгі күндерің қандай болар екен, бейшаралар!-деп Асан қожа дірілдей сөйледі. – Жұрт тозақтан қаймықпаса– Құдайдан қорықпайтын болғаны да. «Құдайдан қорықпағаннан қорық» деген. Атамыз Самырат айтып отырушы еді, «ақырзаман болғанда қой кетеді» деп. Қой дегенде қорадағы қойды емес, білген адам білмегенге білгенін айтып, «қой үйтпе, бүйтпе» деп қақпайлап отыратын үлкендердің уәзипа сөзін айтады. «Аталы сөзге ақымақ дау айтады», бұлар біздің «қойымызды» тыңдауды қойған екен. Өзіміз күнәға батпай тұрғанда кетейік бұл жерден!–Асан қожа орнынан тұрды да, өзгелерге назар да салмастан сірескен бойы ауыл шетіндегі оқшау үйіне қарай қозғала берді. Көзін ашқалы бері осы ауылдың қамын ойлап, біреуің былайсың деп шетке итермей, бәрін бауырына тартып, осы отырған отыз-қырық үйдің сүндет парызынан бастап, ақырет сапарына дейін ақысыз-пұлсыз мойнына алып, өз парызын шын пейілмен атқарып келген кәрияның жан толқуы әсер етті ме, әлде, тап қазіргі бәрінен