АЛАҢСЫЗ АУЫЛ

түңіліп, бәрінен күдер үзіп, тобынан айрылған кәрі құлжадай жетімсіреп бара жатқан шалдың сақалына ілігіп қалған бір тамшы жасты көргендіктен бе, Есқараның өкпе тұсы шым етіп, орнынан қалай тұрып, оның соңынан қалай еріп жүре бергенін өзі де байқамай қалды. Кетіп бара жатып ошарылып отырып қалған төрт қылжақбасқа ұзақ қарады да, «ана шалды осылай жібере бересіңдер ме?» дегендей Асан қожа жаққа болар-болмас иек қақты, Әлгі айтқан сөздерінің Асекеңе тым ауыр тигенін енді ұққандай төртеуі де орындарынан үдере тұрып, тәкаппар басып бара жатқан оны қуып жетіп, алдын орады. – Пірәдар, кешіріңіз! Айтсақ, күйгенімізден айтамыз да. Ит өмір бәрімізді ит қып жіберді ғой,–деп Исахан әрі ақталып, әрі оның қамыққан көңілін жұбатпақ боп абдырай сөйлеп еді, ол кіісі мұның сөзін елең де қылмады. Жан-жағынан анталап, алдын орап маза бермей бара жатқан соң ол сәл-пәл аялдады да, аспанға қараған бойы: – «Көзін жұмса, қалғыды, аузын ашса, алжыды» деп ұғатын сендерге енді сөз әуре қылудың жөні жоқ екен, мен сорлы соны ұқтым,–деді өзімен-өзі сөйлескендей. – Гәп сендердің не жеп, не қойғандарыңда емес, ниеттеріңнің енді қайтып түзелместей бұзылғанында боп тұр-ау!.. Әкелерінің түрі мынау болса, балалары қайтіп оңбақ бұлардың? Артыңда мынадай ұрпақ қалып бара жатқанда ана дүниеде қалай тыныш жатарсың! «Екі дүниеде де жылап өт» деген қарғыс осы екен дә, бізге арнап айтылған екен дә!.. Ол осыны айтты да, орнынан қайта қозғалды. Көздері дымқылданып, қалған шалдар да оның соңынан ере берді. Төрт жігіт оларды көзбен ұзатып үнсіз тұрып қалды. Шалдар алыстай берді. Сәлден соң арба жол өтетін ойпаңға түсіп, қызылды-жасылды тақияларының төбесі де көзден ғайып болды. Айналасы бір жылдың ішінде арасына екі-үш ай салып, үш шалдың үшеуі де ақырет сапарға аттанып тынды. Молотов ауылы адалдықтың ақырғы үш көзін қырқадағы ескі қорымға жерлеп, көп уақытқа дейін дел-сал күйде жүрді. Алыстағы шағын ауыл дүниежүзілік прогреске алаңсыз араласып кетті.

Pages: 1 2 3 4 5