Біздің мал дегенде жалғыз шыбышымыз болды. Оның өзін Қайнарбұлақтағы нағашы атам маған бәсіре деп атап, күзге қарай үйге әкеп тастаған. Менің қуанышымда шек болмады. Өйткені кешке қарай ауыл балаларының бәрі өрістен мал келерде алдарынан шығады. Олармен ілесіп мен де кетемін. Оның өзі де бір серуен. Ойнаймыз, алысамыз. Өстіп жүргенде күн де батып, мал да кеп қалады. Әркім өзінің қой-ешкілерін бөліп алып, үйлеріне қарай айдайды да, жалғыз сорайып мен қаламын. Кейде Қалқаманмен бірге кетіп қойларын көгендесемін. Қалқаманның велосипеді бар. Егер ол көңілдене қалса, ауылды бір-екі айналуға велосипедін бере қояды. Қалқаман өте ашуланшақ. Қарадай жүріп ренжиді. Қозысын қуаласып, қойларын көгендесіп жүрсең де жақпайсың. Паң, маңғаз. Кей-кейде жүнінен ұстап жабыса қалған мені асау қойлар дырылдатып сүйрей жөнеледі. — Ей, ұстама жүнінен. Қойдың арқасы ауырады, — деп анадайдан айқайлайды. Мен амалын тауып асау ісектің мойнынан шап ете түсемін де көгенге қарай сүйрелеймін. Көгенге жете бергенде Қалқаман: «Ей, мал көрмеген, қой ұстауды да білмейсің. Мұны маған бер, енді анау тұсақты ұста», — деп жарлық етеді. Маған оның бәрінен де «мал көрмеген» деген сөзі қатты батады. Іштегі намысымды қоздырады. Нағашы атам бәсіре деп шыбыш әкеп бергенде Қалқаманның әлгіндей сөзінен құтылатын болғаныма қуандым. Сол шыбышымыз ерте көктемде туды. Таңертеңгі тәтті ұйқымнан апамның жұмсақ үні оятты. — Тәкежан, ау-Тәкежан, тұрмайсың ба, сенің бәсірең туды ғой! Ұйқым шайдай ашылып кетті. — Рас па? — Рас, ауызғы үйде. Жаңа ғана туды. Мен дәлізге жүгіре шықтым. Үстінен сары уызы кеппеген шымқай қара лақ апам төсеп қойған пұшпақ үстінде жатыр. Аяқтары жіп-жіңішке. Екі бүйірі солқ-солқ етіп демалып қояды. Үп-үлкен екі құлағы жерге тиіп тұр. Күні кешеге дейін лақ деп атай беретін шыбышымыз бүгін ана болыпты. Бізден қызғанып, баласын қорғаншақтай береді. — Кішкентайым-ай! — деп серейіп жатқан аяғынан ұстадым. Тұяқтары жұп-жұмсақ, езіліп кеткелі тұр. — Қой, ұстама, қолыңның уы жайылып кетеді, — деді апам мені кейін тартып. Апам да оны жақсы көріп тұр. «Жарықтық, жарықтық» деген сөздерін жиі-жиі қайталай береді. Сөйтіп, біздің үйден де жас төлдің маңыраған үні естілді. Сол үнмен бірге үйге ерекше бір жылылық, береке енгендей болды. Арада екі күн өткен соң-ақ қара лақ селтеңдеп шыға келді. Салпаңдаған екі құлағы қандай әдемі! Бір тыным таппайды. Төрден ауызғы үйге, ауызғы үйден төрге тасыр-тұсыр етіп шапқылаудан бір жалықпайды. Мен етпетімнен түсіп жазу жазып жатсам да дәптерді немесе сия сауытты басып өтеді. Ұрысқаныңды елең қыла ма? Қайтып айналып келіп үстіңе секіреді. Онан өтіп, пеш түбінде бұйығып ұйықтап жатқан сары мысықты иіскеп оятады. Ол да ақымақ қой, орнынан атып тұрып, белін күжірейтіп, күжілдейді де қалады.