Кейде ұясының дәл жанына қонып алып, «айналайын көкежан, тие көрмеші, тимеңдерші» деп жалынғандай болады. «Не нәрсеге кіріссең де батыл кіріс» деген Оспанның итермелеуімен көзімді жұмып алдым да, таяқты ырғап-ырғап қалдым. Балапандар ұясымен қосылып жерге сылқ ете қалды да, қарлығаштардың шуылдаған ащы үндері естілді. Біраз уақыттан соң көзімді ашып жерге қарасам, екі балапан қап-қара қанаттарын жайып тастап қимылсыз қалыпты. Ал қалған үшеуі әлі өле қоймай, тыпыр-тыпыр етіп жатыр екен. Менің шуылдаған қарлығаштар мен балапандарға ішім ашып кетті де, қарсы алдымдағы жайраңдап тұрған Оспанға дүрсе қоя бердім. — Оңбаған, мейірімсіз! Кет, кет үйден. Бәрін істеткен сен! — Ой-ой, сен дегенің қалай? Өзің ғой бұзған, менен неге көресің? — деді ол кейін шегіншектеп. Өстіп тұрғанда даладан дүрсілдеген дыбыс естілді де, ойламаған жерден үйге атам кіріп келді. Бір сұмдықтың боларын ұғынған мен не істерімді білмей, атама үрейлене қарадым. Оспан болса есіктен сытылып шығып, тайып тұрды. Дабыр-дабырмен әжем де оянып, самайын қасылап ауызғы үйге шықты. Жерде жатқан балапандар мен зыр қағып жүрген қарлығаштарды көріп, ол да көздері шарасынан шыға жаздап маған тесіле қарады. «Мейлі, әжем ештеңе етпес-ау, атам ұрыспаса болар еді» — деп тұрмын төмен қарап. Бір кезде, атам менің қасыма келіп: — Әй, мынаны істеген сен бе? — деді ызғарлы үнмен. Жасыратын не бар, мен «иә» деп басымды изедім. — Ойбай-ай, ойбай-ай, обалдағы-ай! Қап, күшік-ай! — деп атам балапандарды жерден көтеріп ала бастады. Олардың қанатына жұққан ақ таңдақ шаңдарды үрлеп, алақанымен сүртіп, абыржып жүр. — Жарықтықтар-ай, шырылдап жүргенін қарашы, әне. Бала деген оңай дейсің бе? Қап, ит-ай, күшік-ай, неге бұздың, а? Басқа ойын жетпей қалды ма? — деді атам менің дәл төбемнен. Мен мұрнымды жиі-жиі тартып үнсіз тұрмын. Бар көріп тұрғаным атамның қысы-жазы аяғынан тастамайтын үлкен етігі. Осы кезде «ата, кешірші, екінші істемеймін» деп оны құшақтай алғым келді. Бірақ, ашу үстінде ол итеріп тастай ма деп, олай етуге батылым жетпеді. — Құдай-ай, мына екеуі өліп қапты ғой. Ақымақ-ау, сен не істегенсің, а? — деді атам бұрынғысынан бетер ашуға мініп. — Осы тұрған жеріңде… салып жіберейін бе, а? Бірақ атам мені ұрмады. Сөйтсе де, осы кезге шейін ылғи еркелетіп қана келген оның аузынан «салып жіберейін бе» деген сөз шыққанда, тұла бойыма сансыз ине шаншылғандай шымырлап, кеудеме өксік үйіріле қалды. Жыларманға келіп әзер тұрмын. Қарлығаштар тынымсыз шырылдап, далаға бір кіріп, бір шығады. Оларға да жаным ашып тұр. Атам бұзылған ұяны қалпына келтіріп, тірі балапандарды ішіне салып қойды. Әйтсе де қарлығаштар оған жолайтын емес. Атам ұрысып жүргенде әжем маған ләм деген жоқ. Соған қарап, ол мені қорғайтын