ҚАРЛЫҒАШТАР

болар деп едім. Бірақ олай ету былай тұрсын, өзіне жақын барғанымда, маған салқын қарап, қолымды сілкіп тастағандай болды. Осыдан кейін ашуым қозып, далаға жүгіре шықтым. Бағытым — автобус аялдамасы. Үйге кетпекшімін. Жүгіріп келе жатып ойлайтыным: «Олар маған екеуі бірдей неге ұрсады? Қарлығашты менен артық санағаны ма? Келесіңдер, өздерің-ақ жалынасыңдар әлі». …Мен кештетіп үйіме жеткенде әкем мен анам мезгілсіз келгеніме таңданып, бетіме қарасып қалды. Бұл оралуымның себебін сұрағанда «Сіздерді сағынып кеттім. Әжемнің өзі бара ғой, деді» деп жалтара жауап бердім. Бірақ бұл өтірігім бір күн өткен соң түгелдей ашылды. Кешкілік ас ішіп отырған кезіміз болатын. Даладан адам аяғының дүрсілі естілді де, үйге әжем мен атам сау етіп кіріп келді. Оларға ашулануын ашуланып келсем де, осы кезге шейін ол екеуі жайлы ойлануда едім. Әсіресе мен дегенде әрқашан ақ жүрегін жайып салатын әжеме жаным ашиды. «Ол маған ренжіп жылап жатқан да шығар», — деп ойлайтынмын келгелі бері. Енді олар кіріп келгенде, аздап қуансам да, өтірігім ашылатынын сезіп, денем ду ете қалды. Атам мен әжемнің жүзі түтігіп кетіпті. Мені көп іздеп сарсаң болғандары, қорыққандары білініп тұр. Әжем кіріп келген бойда ентелеп кеп мені құшақтай алды. — Аман екенсің ғой, күнім-ай! Біз сені адасып… бір бәлеге ұрынды ма деп… құлыным, құлыным-ау, әшейін. Бізге өкпеледің бе сен? — деп ол көзіне жас алды. Мені көптен көрмегендей аймалап отыр. Бар кінәні мойнына алғандай, бұрышта төмен қарап атам тұр. «Жалынарсыңдар әлі» деген ойым дәл келсе де, қазір оларды аяп кеттім. Әжем мен атам мен үшін дәл осылайша әбігер болар деп ойламаған едім. Мен әжеме тығыла түстім… Сонымен бар шындықтың беті ашылды. Ертеңіне атам, әжем үшеуміз колхозға қайта кеттік. «Ойпырмай, күшік-ай! Сені бүйтеді деп кім ойлаған. Саған ұрыссақ та біз тыныш жата аламыз ба?» — деп атам да оқтын-оқтын көзін сүртіп қояды. Автобус үстінде олар мені орталарына алып, үйге жеткенше қызу әңгімелесіп бардық. Бір-бірімізді сағынысып қалыппыз. Үйге келсек, терезенің ашық көзінен кіріп-шығып жүрген қарлығаштар ауызғы бөлмеде қайғырғандай үнсіз отыр екен. «Бұларың не, адамдар-ау», — дегендей, бізге жәудірей қарайды. Төменде балапандарына әкелген шегірткелер шашылып жатыр. Әжем мен атам тағы да үнсіз қалды. Дәл осы сәтте, оларды – мен үшін шырылдап жүрген анау қарлығаштардай, өзімді – бейғам балапандай сезіндім. Ал қараңғы бұрышта үнсіз отырған қарлығаштарға қарай алмадым. Олардың бәрі мені кінәлағандай, тіпті үнсіз жылап отырғандай көрінді. «Кешірші, екінші олай етпеймін», — деп мен әжемді құшақтай алдым. Олар кешірді. Сөйтсе де сол қарлығаштарды мен әлі де аяймын. Олар мені кешірмеген болар. Қайдан кешірсін!

Pages: 1 2 3