Жадыраған жаз да өтті міне. Сақиналы қараторғай барлық уақыттағы сияқты бұл жаздың да қалай зулап өте шыққанын байқамай қалды. Енді міне, жапырақ түсіп, орман біткен күздің мазасыз да суық желімен шуылдай бастады. Кәрі еменнің түу басындағы жайлы ұядан сән кетіп, үңірейіп тұр. Бұрын шарқ ұрып еркін шарлаған көгілдір аспанды сүреңсіз бұлт қаптап, тамылжыған тамаша өмірді анау шалқып жатқан шексіз теңіз жұтып қойған секідді. Қараторғай өзінің талай жылдан бергі серігін ертіп, сұрғылт аспанды кеулей сонау биікке көтерілді. Олармен қабаттаса осы жерде дүниеге келген тентек балапандары да көтерілді. Олар төменде көгеріп жатқан түпсіз теңізден үрейленіп, ата-аналарының соңынан бір еліге де ажырамады. Бұл балапандар ашық теңіз үстімен бұрын-соңды бұлай ұшып көрмеген еді, сондықтан жалт-жұлт еткен тұңғиық оларды жұтып қоятын айдаһардай көрінді. Және осыншама қауіптің үстімен ата-аналарының не себепті ұшып келе жатқандығына таңданумен болды. Қара орман қарауытып көз ұшында қалды. Жас балапандардың бойын сұрапыл қорқыныш билеп алды. Олар төмендегі теңізге көз салмауға тырысып, ұша берді, ұша берді. Осылайша олар ұзақ ұшты. Төңіректе қылт еткен тіршілік белгісі де жоқ. Қайда көз тастасаң да шалқыған теңіз, шуылдаған шағалалар. Күн батып, қараңғылық үйіріле бастады. Қызған темірдей қызыл күн теңіздің сонау-сонау алыс бір түкпіріне барып шым батып кетті. Балапандардың қанаты талып қалжырай бастады. Әрі қалғыған қараңғылық оларды бұрынғыдан бетер орасан қорқынышқа орай түсті. Балапандар ата-анасынан адасып қалмау үшін бар қайратын жұмсап, жанталасып ұшумен болды. «Шаршадым ғой, шаршадым ғой» дегендей олар анда-санда бір «чик» етіп, қараңғылықты тілгілеп зулай берді. Бір кезде ересек торғайлар кері бұрылып, бағанағы ұшып шыққан сүйікті орманға қайта бағыт ұстады. Сол сәтте жас балапандардың кішкене жүрегін қуаныш кернеп, балғын қанаттарына жаңа бір қуат қосылғандай, өршелене, жігерлене ұшты. Бірер сағат тынымсыз ұшудан соң қараторғайлар жағаға жетті. Олар тал бұтағына қонбай, сарғыш тартқан қалың шөптің арасына шашырап отыра кетті. Қалжыраған балапандар салқын жерге бауырларын төсеп, өлген құстай қимылсыз қалды. Олардың қасына жақындаған ата-аналары балаларының солқ-солқ етіп көтеріліп басылып жатқан кеуделерін көрген соң көңілдері орнына түсті. Осындай ұзақ та қатал сыннан соң жағаға қайта кеп қонған балапандардың сол бойы орнынан тұрмайтынын қарт торғайлар жақсы білетін еді. Сынақ ойдағыдай өтті. Қараторғайлар бұдан соң да әлденеше рет теңіз үстімен ұзақ-ұзақ ұшты. Балапандар енді сұрапыл қорқынышқа әбден үйреніп, ұзақ қанат қағуға жаттықты. Бір күні сақиналы торғай соңынан серігі мен балаларын ертіп, жайлау мен тауды, өзен мен орманды шарлады. Өздері секілді әр жерден топ-топ боп ұшып жүрген туыстарына әлдене деп белгі беріп шиқылдады да, бірде төмендеді, бірде шыңға шарықтады, енді бірде көк аспанда қалықтай ұшты. Оларға тағы бір топ қосылды. Әлден соң екінші,