БОДАУ

Сонан соң алдыңғы аяғымен лақтың кіп-кішкене тұмсығынан салып-салып қалады. Лақ болса оның үстінен секіріп өтіп, ауызғы үйге шаба жөнеледі. Оның ойыны кешке жақын ғана бәсеңсиді. Әлі шөп жемейтіндіктен мал келер қарсаңында қарны ашып, жіп-жіңішке сүйкімді даусыменен маңырайды келіп. Сол кезде ұстап ала қойсаң бұрынғысындай тулай бермейді. Бет-аузыңды түгел иіскелеп, ақыры, құлағыңды тауып алады да, өн бойыңды шымырлатып кеп сорады. Біздің шыбыш туғалы бері Қалқаманның менімен ара қатынасы алшақтаған сияқты. Ақылсынып, өзінен асар жан жоқтай тұмсығын шүйіреді де жүреді. Байқаймын, ол менің өз бетімше кеткенімді қызғанатын сияқты. Бір күні топ қойдан ешкімді айдап келе жатыр едім, велосипедімен қиқаңдап алдымнан Қалқаман шыға келді. Дөңгелегімен ешкіні қағып кете жаздады. –Мал көрмеген… Маған оның «мал көрмеген» деген сөзі-ақ қатты батады. Ол мұны айтқанда кекетіп, кемсініп айтады. — Не дедің? — Мал көрмеген деймін. Немене қадала қалдың сонша, мал көрмегенің өтірік пе? Егер велосипедімнің дөңгелегін майыстырсаң бар ғой, оның құнын төлеуге үй мүлкіңді түгел сатсаң да жетпейді. Менің намысым қозды. «Ә, бәлем, қатырдым ба» дегендей, тұмсығын көтеріп бара жатқан оны қуып жеттім де велосипедінен жұлып алдым. — Әлгі сөзіңді қайтып аласың ба? Ол сасқан жоқ. — Айтқаным — айтқан. Сенен қорқып сөзімді қайтып ала алмаймын. — Ал ендеше, көр де тұр!.. Мен оның велосипедін терең жарға итеріп жібердім. Велосипед қиқаң-қиқаң етіп барды да, сәлден кейін-ақ жардан-жарға соғылып, домалай жөнелді. Қалқаман отыра кетіп өкіріп жылап жіберді. Менің кегім қайтты. Бірақ кешкілік күтпеген жағдай болды. Қалқаманның әке-шешесі келіп апаммен ұрыс шығарды. «Велосипедтің бодауын төлейсіңдер» деді. Бере қояр ақша болмаған соң көгенде тұрған шыбышты ағытты. Апам үнсіз отыр. Олар қорадан шыға бергенде ғана: — Тым болмаса лағын қалдырыңдаршы! — деп айғайлап жібердім. — Баламыздың белесебетін қашан төлейсіңдер, сонда аласыңдар, — деп олар шыбышты айдады да кетті. Құлағы салпаң-салпаң етіп кішкентай сүйкімді лағым кетіп барады. Үйден ұзаған сайын жүрегім де езіле түскендей болады. Булығып жылап жібердім. Апам жұбатқан болады. — Қой, құлыным. Жасыңды әуре қылып қайтесің. Жан аман болсын, мал деген табылады, — деп қояды. Сол түні екеуміз де сөйлескен жоқпыз. Күнде осындай кезде ерке лақ аула ішінде асыр салып секектеп жүретін. Енді ол мүлде жат қораға кетті. Ешқашан көрмеген қорасы. Үйренгенше құлағы селтеңдеп ойнамайды да-ау!.. — Оның ілесебетін жардан итеріп нең бар еді, — дейді апам бос қалған көгенді жинап жатып. Бұл жәйттің ол кісіге де оңай тиіп жүрмегенін осы сөзінен білемін. Мен тағы да мал алдынан шықпайтын болдым. Қалқаманға таба болғым келмейді. Әйтсе де шыбыш көзге көрінгенде ішкі дүнием өртеніп кеткендей болады. Бір күні шыбыш есік алдына

Pages: 1 2 3