БОДАУ

келіп тұр екен. Лағын да ертіп келіпті. Ол бұрынғысынша секектеп ойнап жүр. Мойнындағы біз таққан қызыл шашақты жаңа иелері алып тастапты. Ішім жылып кетті. «Шөре-шөре» деп дауыстадым. Лақ жүгіріп келіп алақанымды, бетімді иіскеледі. Жанары мөлт-мөлт етеді. Мені сағынып қалған сияқты, ол жақта өзін ешкімнің еркелетпейтінін айтып, мұңын шағып тұрған секілді. Мен лақты аядым, өзімді кінәладым. «Кешір, кешір мені. Бәрі де менен болды» деймін оның мойнынан сипалап. Мен ақша жинай бастадым. Колхозда мақта баптағаның үшін екі күн сайын ақша беріліп тұрады. Жартысын апама беремін де жартысын жасырып қаламын. Ондағы ойым — апамды ойда жоқта қуанту. Енді дәл осылай бір ай жинасам Қалқаманның велосипедін алып беремін. Күндер өте берді. Менің де ақшам көбейіп келеді. Үй артына шығып алып күнде санаймын. Ақыры, көптен күткен күн де жетті-ау! Менің қолымда велосипедке жететін ақша бар. Ылғи бір сом, үш сомдықтан жиналғандықтан екі қалтама әзер сыяды. Барлық жағдайды апама айттым. Ол кісі илана қоймады. Сонан соң бір буда ақшаны үстел үстіне тастай бердім. Апам қуанғаннан не дерін білмей қалды. Сөйтіп кірленген көңіл бір жаңғырды. Кешке қарай апам екеуміз дүкенге барып велосипед алдық та, Қалқаманның үйіне тарттық. Қуанып, асыға басып келеміз. Ақыр жеттік-ау! Мен қақпадан енген бетте көгенге қарадым. Шыбышты көре сала жетекке алмақпын. Қалқамандар биік сыпа үстінде кешкі астарын ішіп отыр екен. Бізді көріп таңданғандай үрпиісіп қалды. Апам олармен күбірлеп қана амандасты. Сонан соң келген жұмысын айттьі. Мен велосипедті үй қабырғасына сүйеп, апамның ишаратын күтіп тұрмын. Олар әлі үнсіз. Біздің сөзімізге барлы-жоқты жауап қайтармады. Осы кезде Қалқаман менің қасыма келіп: — Сендердің шыбыштарыңды сойып тастағанбыз, — деді. — Терісі әне, жаюлы тұр… — А, не дейсің? Лағы қайда? — Лағын да көкем сойып тастады. Енесі жоқ болған соң ауырып өлді. Бірақ оның терісін… сол күні ит жеп кетті… Мен жансыз адамдай мелшиіп тұрып қалдым. Ойымды Қалқаманның көкесінің гүрілдеген үні бұзып кетті. — Рас еді, — деді ол шайын сораптап отырып. — Әнеугүні жаман бір түс көріп… Содан құдайыға шалып жібердік. Басқа малдың реті болмады. Ал белесебетіңді қайта алып кете бер, Қалқаманжанға басқасын алып берерміз… Сылқ етіп отыра кеттім. Көз алдымдағы дүние қарауытып бара жатыр. «Оны өлтірген сендерсіңдер! Мейірімсіздер өңшең!» деймін күбірлеп. Ол сөзім өзіме де естілмейді…

Pages: 1 2 3