ӨЖЕТ ҚҰСТАР

үшінші, төртінші… осылайша арада бірнеше сағат өткен соң осы аймақтағы қараторғайлардың бәрі бас қосып, үлкен қара дүрмекке айналды. Кеш батты. Ертеңгі ұзақ та алыс сапарға дайындалып қараторғайлар сол түнді у-шусыз тыныш өткізді. Алда көптеген қиындық бар, қауіп бар. Ол жолда талай туыстардың мерт болып, тіпті кейде бүтін бір дүрмектің опат болуы да мүмкін. Осының бәрін сезе тұрса да қараторғайлар сол қауіпке тәуекел етеді. Өйткені мына шексіз теңіздің сонау арғы жағында сүйікті мекен, жаңа өмір бар. Қараторғайлар ертесіне, күздің тымық бір желсіз күні қара орманмен соңғы рет қоштасып, өз туыстарын жинап алды да, қаупі мен қорқынышы мол алыс сапарға аттанды. Жас балапандар көп туыстардың ішінде өздерін ештеңеден қауіпсіз сезінді және оларға мына сапар бейне бір қызығы мол көңілді серуендей көрінді. Торғайлар Жерорта теңізінің үстімен бір күн бойы ұшты. Жол-жөнекей аралдарға қонып, кешке қарай белгісіз жерден жем теріп, әл жинап алды. Егер табиғат мінезі осылайша жаймашуақ болып тұра берсе, бұлар үшінші күні құрлыққа жетеді… Одан арғы сапар қауіпсіз. Әр жерге қона отырып, сонау сүйікті мекеніне жетеді. Бірақ, екінші күні теңіз ауасы бұзылып, Солтүстіктен қатты жел тұрды. Көкшіл теңіз бұйраланып, қатпар-қатпар толқындар бірін-бірі қуалап, су беті сапырылған ақ көбік шашты. Жел күшейе түсті. Ашық аспанды лезде сұрғылт бұлт қаптап, төңіректі түгел торлап алды. Қараторғайлар үшін аса қауіпті нәрсе осы еді. Олар кеш батпай қара жерге жетіп алуға тырысып, жел ығымен алған бағыттарын біршама өзгерте оңгүстік-шығысқа қарай қиғаштай ұшты. Жас балапандар ештеңе көре алмады. Кішкене денелерін үрей билеп, әйтеуір, топтан адасып қалмаудың қамын жасады. Әлден соң күн де батты. Жер қарасы болса әлі көрінер емес. Тіпті маңқиған жартас та кездеспеді. Қараңғылық үйіріліп, енді бір сағаттан кейін төңірек ешнәрсе байқап болмайтын тас түнекке айналды. Топ бастап келе жатқан кәрі торғайлар соңдарынан еріп келе жатқан бүтін дүрмекті адастырып, апатқа соқтырмасақ екен деп жанталасумен болды. Дауыл үдей түсті. Бір кезде суық жаңбыр жауды. Қатты дауыл кішкене торғайларды ермек етіп бірде естен тандыра қуа жөнеледі, енді бірде құйынға айналып тығыз топты иіріп-иіріп әкеледі де кері теуіп тоз-тоз етеді. Жел демін ішіне тартып аз-кем тыныстаған сәтте торғайлар үрейлене, жанұшыра шиқылдап қайта топтасады. Бұдан соң дауыл қайта үйіріліп, бұларды тағы тоз-тоз етті. Бірақ өмір үшін күрескен кішкене кеуделер өздерінен мың есе қуатты дүлей табиғатпен тайталасып жүріп қайта бас қосады. Сартопан сапырылыс. Кімнің қай шетте жүргенін біліп болмайды. Дауылмен араласқан жаңбыр тамшылары оқша қадалып, талайлардың түбіне жетті. Олар енді бастапқы бағыттарынан адасты. Қайда, қалай ұшып бара жатқандықтарын да білген жоқ. Торғайлар әбден титықтады. Мұндай жойқын дүлейді тұңғыш көрген бала қанат құстар

Pages: 1 2 3 4