да құлады. Күш жеңбейді, кек жеңеді, намыс жеңеді. Көп қысымына шыдай алмай, ақырында шағалалар ысырылып шықты. Бірақ қараторғайлардан көп шығын болды. Сүйкімді өжет құстар күн бата бір аралға кеп қонды. Баяғы қара орманнан шыққанда аспанды қаптаған ауыр дүрмек еді, кешегі дауыл мен жартастан, шағалалар шабуылынан соң қаралары азайып қалыпты. Олар келмеске кеткен туыстарын еске алып, сол түнді үнсіз өткізді. Түу алыстан еміс-еміс жер иісі біліне бастады. Енді олар қона ұшып, сүйікті мекендеріне де жетеді. Осы дамылдау кезінде сақиналы қараторғай өз балапандарын көре алмады. Серігі екеуі «чик-чик» деп ұзақ түнге оларды шақырумен болды. Бірақ, тентектерінің жауап қатқан үндері естілмеді. Таң атқан соң аспанға қайта көтерілді. Қараторғайлардың кейбіреулері жолай кезіккен ауыл мен қыстақта, кең жазық пен тау бауырларында қалып жатты. Ұзақ ұшқан соң сақиналы қараторғай берекелі кең даласына да келіп жетті. Олармен бірге жүз қаралы туыстары да келді. Олардың әрқайсысы қалаған жерлеріне сүйікті мекендерінің кең төсіне еркін тарады. Бұл жерде енді жаңа өмір, жаңа тіршілік басталады, жаңа ұрпақ дүниеге келеді. Сақиналы қараторғай таң сыз бере серігі екеуі былтырғы ұяларының жанындағы терек бұтағына кеп қонды. Сопақша жәшік ұялары көк сырмен қайта сырланыпты. Олардың құйттай жүрегін қуаныш, шаттық кернеді, мейірімді адамдарды бұрынғыдан да жақсы көріп кетті. Ол сақинаны да бұдан екі жыл бұрын осы жерден киіп еді. Осы сәтте үйден адамдар шығып бұларға қуана, қызыға қарады. Ауыр да азапты сапар артта қалды, сол сапарда мерт болған туыстарын, балапандарын еске ап қайта қайғырды. Бірақ алда жаңа өмір, жарқын жаз бар еді. Сондықтан бұл сапар қанша қымбатқа түссе де, сүйкімді өжет құстар жеңіп шықты. Көз алдарында сүйікті мекен!