ЖАСЫРЫНБАҚ

бүгін де бізбен бірге Әбдірахманмен іш араз боп қалған ба, ол қасына келіп тұрғанда Қаршыға басқа жаққа сытылып шығып кетеді. Осындайда жаным жадырап, бір жасап қаламын… Біз үш-төрт сағаттай жасырынбақ ойнадық. Әбден шаршадық. Бұлт серпіліп, ай да туа бастады. Осы кезге шейін мен Қаршығамен бірге екі-үш рет жасырындым. Ол дәл баяғысынша үндемейді. Екеуміз үндемеген күйі үстімізден іздеуші шыға келгенше отыра береміз. Арыс өзенінің түнгі гүрілін, анда-санда қаңқ еткен оқпақ құстардың дауысын, ең соңында, Қаршығаның ғана демалғанын есітіп, таң атқанша отыра бергім келеді. Келесі жасырынғанымызда Қаршыға Әбдірахманмен бірге кетті. Басымның ауған жағына мен кеттім. Біраз жер жүрген соң раң аралас боз жусанның ортасына шалқамнан түсіп жата кеттім. Төбемде сансыз жұлдыздар жымыңдайды. «Ренжіме, қапаланба» дейтін сияқты бәрі. Ал мен көзімді жұмып, Қаршығаны елестетемін. Тәкаппар Әбдірахманды көремін. Бір кезде бас жағымнан асығыс басқан аяқ дыбысы естілді. Орнымнан тұрып қарағанымда осылай қарай жүгіріп келе жатқан біреуді көріп, алғашында бізді іздеп жүрген Асылтай шығар десем де, әбден жақындағанда ол тұлғаның Қаршыға екенін таныдым. Оған қарсы жүрдім. — Бұл сен бе… Қаршыға? Саған не болды? Сөйткенше болған жоқ, оның соңынан келе жатқан Әбдірахманды көріп қалдым. — Не болды саған, Қаршыға?! Қаршыға жауап орнына Әбдірахман келе жатқан жаққа қарады. Орамалы мен үзіліп түскен сағатын қолына ұстап алыпты. — Мен… мен онымен бірге ойнамаймын! — деді Қаршыға булыға сөйлеп. Мені көрген Әбдірахман сол орнында тұрып қалды… Қаршыға екеуміз өзен жағасына келдік. Өзеннің арғы бетіндегі қалың қопадан тынымсыз құрылдаған құрбақалардың дауысы естіледі. — Сен шөлдеген жоқсың ба? — деді бір кезде Қаршыға. — Шөлдедім. — Жүр, су ішейік. Екеуміз су алатын жайпауытқа келдік. Өзен беті ай сәулесімен шағылысып жалт-жұлт етеді. Жайпауытқа келе салысымен етпетімнен жата кетіп, суға дес қоя бергенімде, Қаршыға жеңімнен тартып қалды. — Ой, Сейтек, суды олай ішпейді! — Енді қалай? — Түнде суға алдымен тас, не кесек лақтыру керек. Мен аха-ха-лап күліп жібердім. Сонда да болса Қаршығаның айтқанына қарсылық жасамай, орнымнан тұрдым да, жұдырықтай тасты суға күмп еткізіп лақтыра салдым. Шаңырақтай-шаңырақтай толқындар жайылып барып, су беті қайта тынышталды. — Суды жатып ішпе, — деді Қаршыға. — Түнде жәндіктер көбейіп кетеді. Орамалың бар ма? — Жоқ. Қаршыға қолындағы көкшіл орамалын берді. — Суға жуып-жуып жібер де, толтырып ал. Мен де ішейін. Сұмдық шөлдеп кеттім. Орамалды ала бергенімде оның саусақтарын қоса ұстадым. Денем ду ете қалды. Бірақ оны байқатпадым. Орамалды жуған да жоқпын. Сол бойы екі бүктеп, толтыра су іліп шықтым. Салқын да мөлдір судан екеуміз жарыса ішіп жатырмыз. Орамалдан сарылдап аққан судың бәтеңкеме құйылып жатқанын елейтін емеспін.

Pages: 1 2 3 4