ете түскен күлкісін естіп қалсам, арқамнан ауыр жүк түскендей қуанып сала беремін. Салтанаттың мінез-құлқы мен армандағандай боп шықты. Ол той өткен соң-ақ үй-ішінің тірлігіне араласып кетті. Апам алғашқы кезде: «Ойбүй, қарағым, өзім-ақ істеймін. Бұл тірлік біткен бе, кейін де жетер, әлден не қыласың», — деп шыр-шыр етіп оны ауыр жұмысқа жолатпайды. Бірақ ол: «Кейін тірлік болса бола жатар, апа. Жұмыссыз қайтіп отырамын, маған беріңіз», — деп апамның иығынан әкпішін алып сонау құдықтағы суға кетеді, не нәкәлай заманынан қалған нән сары самауырды майыса көтеріп далаға ап шығады. Міне, қазір де ол төрт құлақты қара қазанды жер ошаққа асып, ішіне ернеулете су құйып жатыр. Күн батып, қызылы сөнген шақ. Бүгін желкем жоқ болған соң қойларды есік алдына иіріп тастағанбыз. Салтанат бір құшақ кепкен қурай әкеп отқа салды да, сіріңке шағып от жақты. Сұйық көкшіл түтін қазан үстінен созамықтанып барды да тілдей жалын бұрқ ете қалды. Сәлден соң түтін жойылды да, ол үлкен жалынға айналып, қурайлар шытырлай жөнелді. Қызыл жалқын от жарығымен Салтанаттың сұлу тұлғасы, қыр мұрыны мен дөңгелек жүзі ап-анық көрінеді. — Қайыркен, — деді ол бір кезде жалын тасасынан шығып. — Әу. — Сен ошақ қаза аласың ба? — Қайдам… Бірақ, несі бар дейсің. — Онда, басқа жерден жақсылап жаңасын қазып берші. Мынау тым терең екен, оттың қызуы қазанға аз барады. Ыбышқа айтып ем, «өзің қазып ал» деп көнбей қойды. «Қолым тимейді», — дейді. Қолы тимейді емес, қолынан келмейді ғой деймін соның, ә? — Сөз соңын оның сыңғырлаған күлкісі көміп кетті. Әдемі күлкі, ерке күлкі. Оның бұл сөзі мен күлкісінде еріне деген жарасымды әжуа, жеңіл ғана байқалмас наз жатыр еді. – Жарайды, жарайды, қарап отырмын ғой. Қазір-ақ қазып берейін. — Жо-жоқ, қазір шаршап келдің, әрі қараңғы. Ертең қолың босаған кезде, мақұл ма? — Ол жас бала секілді түтін кірген көзін екі қолымен құшырлана уқалап бері қарай жүрді. Есік алдындағы ер-тоқымның үстінде домбыра шертіп отырған менің қасыма келіп тоқтады да: — «Гауһар тасты» сала аласың ба? — деді еңкейіп. — «Гауһар тас?» Ән бе? — Иә, ән. Бірінші рет естіп отырсың ба? — Жоқ, ә… Домбыраға ән жақсы келмейді дегенім ғой. Одан да күй тартып берейін. — Жоқ, — деді ол кеудесін тез жоғары көтеріп алып. — Күй өз жөнімен, ал домбыраға ән де жақсы келеді. Бірақ, сен тарта алмайсың. — Салтанат осыны айтты да үйге кіріп кетті. Мен қатты қысылып қалдым. Оның күлкісі құлағымнан біразға дейін кетпей қойды. Салтанат апам мен маған өте тез үйреніп кетті. Үйде әкем мен Ыбыш жоқта
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47