ол апамды өзіне жақ қып алып мені мазақтайтын да болды. «Дұрыс қой, апа, ә?», «апа, сіз айтыңызшы, солай емес пе?», «апа, оны сіз де білесіз ғой» деп мен жасаған кейбір оғаштықтарымды күлкіге айналдырады. Апам болса: «Е, әрине қарағым, білемін ғой» деп оны бас изеп қостайды да, Салтанатқа одан бетер желік бітіріп қояды. Ара-арасында өзі де ықыластана күліп, мәз-мәйрам боп жадырап қалады. Салтанаттың жеңіл әзілдері кейде жаныма батып кетеді. Мен құлағыма шейін қызарып намыстанып қаламын. Бір күні менің оған көрген түсімді айтып бергенім бар. Түсімде бір қора қыздың ортасында жалғыз өзім жүр екенмін-ау деймін. Қыздардың бәрі де «Мың бір түндегідей» малына киінген, үрдей сұлу. Мен олардың ортасында отырып ән айтамын, домбыра тартамын. Әрқайсысымен кезек-кезек алтыбақан тебемін. Сөйтіп жүріп, осы қыздардың ішіндегі ең бір сұлуына ғашық болыппын-ау деймін. Ол да мені құлай сүйеді. Ал, қалған қыздар бізді көре алмай теңізге батырмақ болады. Екеуміз қайыққа мініп қашамыз. Олар үлкен-үлкен самұрыққа айналып қуады. Қасымдағы қыз ақ шабаққа айналып, мен шортан боламын да, теңіз түбімен жүзіп отырып белгісіз бір жағадан шығады екенбіз. Жағаға жеткенде мен есімнен танып қаламын. Қасымдағы қыз есімді жидырмақ боп теңіз суынан бүркеді. Селт етіп көзімді ашамын… Осы кезде оянып кетіппін. Мен бүрген арасында кітап оқып жатып мызғып кетсем керек. Осы түсімді айтып бергенімде Салтанат еріндерін сәл ғана ашып ықыластана тыңдады. Соңғы жағында қыздан бұрын талып қалғанымды келеке етіп рахаттана күлді. Сонан соң менің сұлу әйел алатынымды, өмір жасымның ұзақ болатынын айтып, әлгі түсімді өзінше жорып жатты. Ал, ертесіне мен әлгі түсіме сәйкес екі шумақ өлең жазған болатынмын. Мені мазақтап күліп отырған бір күні ол көзімді бақырайтып қойып әлгінің бәрін апама айтып бермесі бар ма? Жерге кіріп кете жаздадым. «Айтпа» деп ернімді тістеп, басымды шайқасам да тыңдар ол жоқ, қайта, «Әні, қараңызшы, айтпа деп маған жұдырығын түйіп тұр. Нанбасаңыз бар ғой, сол қызға арнап жазған өлеңі бар, оқып берейін бе?» — деді. — Е, оқи қойшы. — Міне, тыңдаңыз.
Айналам гүлдей ару қыз, Сезімге мас боп әндеттім. Сүйдім де құшып біреуін, Теңізді төрлеп мен кеттім. Азапқа тәңір ризамын, Көгімде тұрса күліп ай. Түсімде көрген сол бір сәт Өңім боп кетсе, дариға-ай!
— Қараңызшы, өзі әжептәуір ақын, апа, ә? Апам не десін, үндеген жоқ. Тұсау есіп отырған бойы ақырын езу тартты да қойды. Бұл күлкіден одан бетер қысылдым. Өлеңді Салтанатқа бір-ақ рет оқып беріп едім, оны қалай тез жаттап ала қойғанына қайран қалдым. Апамның алдында мені қатты қолайсыздандырғанын енді ғана байқаған кісіше ол «ештеңе етпейді» дегенді аңғартып, сәл басын изеп көзін
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47