ГАУҺАР ТАС

жұмды да, далаға шығып кетті. Тамақ ішіп болған соң сыртқа шықсам, сонау ойпаңдағы құдықтан Ыбыш екеуі қауға тартып жатыр екен. Одан алысырақта жердің ақ тозаңын аспанға көтеріп, суға қарай әкем қой айдап келе жатыр. Мен солай қарай жүрдім. Ми айналдырар шаңқай түс. Күздің келгенін білдіріп, сары даламен мизамдар шұбатыла ұшып барады. Олардың бірі құлқайырларға, бірі бүргендерге ілініп, енді біреулері тура бетіңе келіп желімдей жабысады. Ыстық топыраққа бауыры күйген кішкене кесірткелер мен білезіктер зу-зу етіп жолды кесіп өтіп жатыр. Анадай жердегі жусан түбінде ыстықтаған бозторғай аузын ашып, жан-жағына жалт-жалт қарап қояды. Келе жатқан жүргіншіден қауіптеніп, кішкене қанатын қомдап ұшуға әзір отыр. –Мен құдық басына жеткенімде Ыбыш: Неге келдің? — деді бетінің терін жеңімен бір тартып. — Негесі қалай? Жәрдем бермеймін бе? Өзің түйе жетектеп, қауғаны Салтанатқа тартқызып қойғаның қалай? Ыбыш Салтанат жаққа жай бір қарады да қолын сілтей салды. — Қауға тартқаннан өледі дейсің бе? Тартсын. Бұрынғының әйелдері қауға тартқан былай тұрсын, қырық құлаш құдық та қазған. Мына сөз жүрегіме тікендей қадалды. Және «бұл сөзім Салтанаттың көңіліне келеді-ау, ренжиді-ау» деп ойлап тұрған ол жоқ, келіншегіне назар да аудармастан түйесін жетектей берді. Түйе ана басқа жеткенде қауға да құдық аузына кеп кептелді. «Тарт-ай!» деді ана жақтан Ыбыш. Салтанат қауғаның жібінен ұстап, нәзік қолымен дірілдей көтерді де, суын астауға ақтарып жіберіп, бос ыдысты құдыққа қайта тастады. Ол кеудесін көтеріп, маңдайының терін сүрткенде, сүйкімді жүзінен Ыбышқа деген ешқандай реніштің ізін байқай алмадым. Ыстық күннен екі беті алауланып, құлпыра түсіпті. Мені көрген бетте күлімсірей қарады да: «Ауыр-ей әжептәуір», — деді бетінің терін сүртіп. Мен оның ренжімегендігі үшін іштей қатты қуандым. Сәлден соң Ыбыш біздің қасымызға келіп: «Ақыры келуін келдің, түйені сен жетекте, мен ат суарайын, таң атқалы су ішкен жоқ», — деп қара нардың бұйдасын маған ұстатты да өзі сонау қара тұмсықтың бергі бауырында тұсаулы жүрген күрең қасқасына қарай кетті. Біз екеуміз қалдық. Ыбыш ұзаған соң Салтанат: «Әй, осы мені аямайды-әй, — деді күліп, — онысы несі екен. Мені өзі сияқты палуан деп ойлайды ғой деймін бір. Құдыққа келген сайын қауғаны ылғи маған тартқызып, өзі түйе жетектейді. Сөйтіп жүріп жөндеп тартпайсың деп ұрсатыны бар тағы да, астапыралла!..» Салтанаттың бұл үнінде реніш те, зіл де жоқ, керісінше, нәзік әйелдің қатал еріне деген таңырқауы, сонымен бірге нәзік құрмет пен нәзік сезім жатыр еді. — Сен шаршадың ғой, қауғаны маған бер де, түйені жетекте, дедім Салтанаттың қолына шуданы ұстатып. Ол алғашқы кезде: «Шаршаған жоқпын, өзім-ақ тартамын» деп қарсыласты. Сонан соң: «Сен де мен сияқты нәзіксің, құдыққа түсіп кетесің»

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47