ГАУҺАР ТАС

деп мазақтауға көшті. Бұл сөз шымбайыма батып, томсырайып қалдым. Ол басын төмен салбыратып құдық түбіне қарап отыр. Менің ренжігенімді байқаған жоқ. Бір кезде: «Қайыркен, Қайыркен! Ана қарашы, құдық түбінен менің суретім көрініп тұр, — деді. Әлгі сөзіне ренжігенімді білдірмек боп үнсіз тұра бердім. Сол сәтте ол басын көтеріп күлімсіреген қарақаттай жанарын маған қадады да «кел енді» дегендей басын изеді. Мен жай-жай басып оның жанына жақындадым. Оның көңілді сәттерін бұзғым келмеді. — Қане? — Әні, қарашы. — Мен құдық түбіне көз тастадым. Шыңыраудың сонау түбінен бізге де өзіміз сияқты екі адам қарап тұрды. Олардың да ар жағында көгілдір тұнық аспан. Біз күлсек олар да күледі, қол шошайтсақ олар да шошайтады. Салтанат кенет тағы сөз бастады. — Алдың күні мен дәл осы суретті Ыбышқа да көрсеттім… — Е, ол не деді? — Мен елең ете түстім. Ол мөлдір суға маржан сепкендей сылдырап тағы бір күліп алды да: — Ол не деуші еді. Ұрсып берді. Денің сау емес сенің, —деді. Мен еріксіз күліп жібердім. Оған деген әлгі ренішім бір шөкім жазғы бұлттай лезде ыдырап кетті. Содан соң екеулеп жұмысқа кірістік. Ол түйе жетектеді, мен қауға тарттым. Сәлден соң қойлар да келіп, үлкен астауға лап қойды. Бірі су ішіп, енді бірі қанатын сулап отырған бозторғайлар тоз-тоз болды. * * * Күзгі қырқын маусымы да келіп жетті. Аз күнге созылса да бұл қойшыларды едәуір аласапыранға салып, аяғынан тік тұрғызып кетеді. Қой қырқатын пункт бізден алыста, отыз шақты шақырым жер. Оған барып-келгенше екі-үш күнің кетеді. Ол жақта кезек күтіп жатып қалмасаң бір қора қойды қырқу деген сөз емес. Тұс-тұстан қайшыларын сырылдатып, жалаңдатып тұрған қырықтықшылар бір отарыңды түске дейін жалаңаштап қоя береді. Алыс жолға жүре алмайтын ауру-сырқау, арық-тұрақ саулықтарды қорада қалдырып, әкем мен Ыбыш таң алакеуімнен малды айдап кетті. Жүретін күнге дейін қой қырқымға әкем екеуміз баратын боп отырғанбыз, бірақ, бір күн бұрын кешке колхоздан Амангелдінің автоклубы жау қуғандай жетіп келіп, құдық басына су тартатын мотор тастап кетті. Колхоз бастығының «моторды құрып беріп қайт» деп жіберген Әскербек деген тракторшы жігіт: «Мотор құру — айт-шу деп қой айдау емес, сондықтан, гайканың астын ұстап тұруға жарайтын бір көмекші қалсын» деп жер-дүниені топан су алдырған соң әкем «темір-терсектің иісі мұрнына баратын» мені ауылда қалдырды. Олардың қойын 3-4 шақырымдай келетін Қостөбеге шейін айдасып салып, кері қайттым. Үйге таянып, еңістегі жолмен төмен түсе бергенімде сонау Қаратаудың ар жағынан қылтиып күн де көтерілді. Ол өзімен бірге бар әлемнің сұлулығын ала шықты. Кең дала мен қырат біткенді алтын арай аралап жүре берді. Аспан тап-таза.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47